"Ақылды" шлагбаум жобасы жүзеге асырылып жатыр

843

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі халыққа 158 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл туралы бас шаһардың цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қолдасов айтты. 

"Ақылды" шлагбаум жобасы жүзеге асырылып жатыр

Оның сөзінше, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызмет 100% автоматтандырылған.

"Қазір жер қатынастары бойынша көрсетілетін 17 мемлекеттік қызмет цифрландырылып жатыр. Бұл шара жемқорлық тәуекелін төмендетуге және азаматтардың уақытын үнемдеуге жағдай жасайды", – деді Айдос Қолдасов. 

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, былтырдан бері елорда да  "ақылды" шлагбаум және "қауіпсіз қала" жобалары жүзеге асырылып жатыр.

"Тұрғын үйлердің ауласына орнатылған "ақылды" шлагбаумның
жұмысы өте қарапайым. Ол тұрғындарға көмек беруге асыққан полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтеріне тәуліктің кез келген уақытында аулаға автоматты түрде енуге мүмкіндік береді. Себебі мұндай шлагбаумдардың дерекқорында жедел әрекет ететін қызмет автокөліктерінің нөмірлері болады. "Ақылды" шлагбаумға бейнекамера орнатылады. Ол шлагбаумға жақындаған автокөлікті автоматты түрде таниды. Бұл тұрғындардың өз ауласына кіріп шығуын да жеңілдетеді", – деді Айдос Қолдасов.

Оның дерегінше, "Қауіпсіз қала" жобасы аясында бас шаһарға қосымша 300 бейнекамера орнатылды.  

"Бейнекамералар қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде ықтимал қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп тұр", – деді басқарма басшысының орынбасары. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу