Әл-Фарабидегі жол апаты: Марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім берді

919

Келесі сот отырысы бейсенбі күні болады.  

Әл-Фарабидегі жол апаты: Марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім берді Фото: ЗТБ

Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты бойынша негізгі сот талқылауы өтті. 1 маусым күні қаза тапқандардың жақындары сотта сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Жол апатынан қаза тапқан 22 жастағы жас қыздың анасы сотта сөз сөйледі. 20 наурыз күні таңертең қызы жұмыстан соң үйіне келген.

"Ол көлікпен адам таситын. Үйге келіп өзінің қарны ашқанын айтты, мен оған тамақ бердім. Сол күні 260 мың теңге автонесиесін төлеуі тиіс еді. Шамамен 90 мың теңге жетпей тұрды. Ол "Анашым, мен ақша табамын да, кешке үйге ораламын" деді", – деп айтты қаза тапқан қыздың анасы.

Кейін түнгі сағат 23:30 кезінде қызымен соңғы рет сөйлескен.  Ал келесі күні таңертең отбасына қайғылы оқиға туралы хабар жетті.

"Біз таңғы 9-да Шамалғаннан шығып, сағат он бірлерде мәйітханаға жеттік. Мен сенбедім. Ол комада жатқан шығар деп ойладым.  Бірақ ол жерге барғанымда қызымды мәйітханадан көрдім", – деді марқұмның анасы.

Содан кейін әйел адам мен сотталушының татуласқаны туралы өтініш оқылды. Құжатта айыпталушының кінәсін толық мойындағаны, өкінгені, кешірім сұрағаны және марқұмның отбасына материалдық әрі моральдық шығынды толық өтегені көрсетілген. Марқұм қыздың туыстары оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Жол апатынан қаза тапқан 1996 жылғы Mercedes жүргізушісінің апасы да сотта отбасының сотталушыға кешірім бергенін айтты. Олар да айыпталушыға шартты мерзім тағайындауды сұраған.

Жол-көлік оқиғасынан көз жұмған үшінші адам – 2005 жылғы қыздың отбасы сот отырысында сөз сөйлеген жоқ. Сот жәбірленуші тараптан жауап алу процесін бейсенбі күнге ауыстырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу