Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты сот отырысында айыпталушы Александр Пак жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Сотталушының айтуынша, Әл-Фараби даңғылына шыққаннан кейін көліктің артқы жағынан гуілдеген дыбыс естілген. Ол бұл дыбыс редуктордан шығуы мүмкін деген болжам жасаған. Александр Пак бұрын BMW көлігін тізгіндегенін айтты. Оның сөзінше, механикалық ақау кезінде қозғалқышты күшейтетін, кейде оның көмегі тиетін. Ол Zeekr көлігімен де осылай әрекет етуді шешкен.
"Мен бәрін дұрыс істемедім, оны жоққа шығармаймын. Бұрын менде қозғалтқышты күшейткеннен кейін осындай жағдайлар шешілетін", – деді Александр Пак.
Сотта одан жылдамдықты неге азайтпағаны туралы сұралды. Айыпталушы оң жақ жолаққа ауысып, тоқтауға әрекет жасағанын, алайда сол сәтте жолақтан шығуды қайтару жүйесі іске қосылған болуы мүмкін екенін айтты.
Судья сарапшылар көлік жылдамдығын 219 км/сағ деп анықтағанын айтты. Айыпталушы бұл пікірмен келіспейтінін айтты.
"Мен сағатына 80 км жылдамдықпен келе жаттым, айналымды арттыра бастадым, бәлкім жылдамдық 200 км/сағ-қа дейін жеткен шығар. Бірақ 220 км/сағ болуы мүмкін емес", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан үшінші қыздың отбасы айыпталушыны кешіргенін жазғанбыз.