Ішкі істер министрлігі осы "Жол жүрісі туралы" заңдағы өзгерістерге түсініктеме беріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ең әуелі "Жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуіне қандай өзгерістер енгізілді?" деген сұраққа жауап берілген.
– Жүргізушілердің медициналық тексеруден өту талабы жаңа талап емес. Бұл норма 2014 жылдан бері "Жол жүрісі туралы" заңда көрсетілген. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
Осы орайда, "65 жастан асқан жүргізушілер нені білуі керек?" деген заңды сауал туындайды.
– 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге тек әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтсе жеткілікті. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі. Сондықтан, ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат рәсімдеу енгізілген жоқ. Барлығы бұрынғыдан да ыңғайлы және қарапайым түрде, – деп сөзін толықтыра түсті спикер.