Осы жылдың 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа тәртіп жол қауіпсіздігін күшейтуге және көлік тізгініндегі азаматтардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға бағытталған.
Осыған дейін мұндай санаттағы жүргізушілерге медициналық тексеруден өту мерзімі ұзақ болатын. Енді 65 жастан асқан азаматтар жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзіміне қарамастан, әр екі жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтіп отыруы қажет. Дәл осындай талап мүгедектігі бар жүргізушілерге де қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, медициналық тексерудің мақсаты – адамның көлік басқаруына кедергі келтіретін денсаулықтағы өзгерістерді дер кезінде анықтау. Әсіресе, көру қабілеті, есту, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен жүйке ауруларына қатысты көрсеткіштерге басымдық беріледі.
Жаңа талап 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Министрлік жүргізушілерге құжаттарының мерзімін және медициналық анықтамасының жарамдылығын алдын ала тексеріп, белгіленген тәртіпті сақтауға кеңес берді.