Алдағы 5-10 жылда қай салалар инвестиция үшін ең тартымды болады?

425

Сарапшылар бірнеше бағытты атады.  

Алдағы 5-10 жылда қай салалар инвестиция үшін ең тартымды болады? Фото: ЖИ

Әлемде дәстүрлі салалармен қатар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар сияқты жаңа бағыттарға қызығушылық күшейген. Бұл ретте Қазақстанға тартылатын инвестицияның көлемі ғана емес, сапасы да артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы тұста "Қазақстанға тартылатын инвестициялардың сапасын арттыру үшін не қажет?" деген сұрақ туындайды.

"Инвестицияның көлемі ғана емес, оның экономикаға беретін нақты пайдасы да маңызды екенін білуіміз керек. Сондықтан Қазақстанға жоғары қосылған құн қалыптастыратын, жаңа технология әкелетін, экспортты ұлғайтатын және де білікті жұмыс орындарын ашатын жобаларға басымдық берген жөн. Ол үшін бірнеше бағыттарды айтуымызға болады. Біріншісі – инвесторларға тұрақты әрі болжамды заңнамалық орта қалыптастыруымыз керек. Екіншіден, келісімшарттардың өзгермеуіне кепілдік беруіміз қажет.  Үшіншісі – ғылыми зерттеу мен инновацияға инвестиция салатын компанияларды қосымша ынталандыру. Одан кейін жергілікті кәсіпорындар мен кооперацияларды міндеттейтін талаптарды күшейту қажет. Қазақстан шикізат өндіруге ғана емес, өндіріс, өңдеу және технологиялық секторларға инвестиция тартуға көбірек көңіл бөлуі керек", деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы қазіргі таңда қай салалар шетелдік инвестициялар үшін тартымды екеніне де тоқталды.

"Бірнеше сала ерекше қызығушылық тудырып отыр. Біріншісі – тау-кен өнеркәсібі мен сирек кездесетін металдар. Әлемде аккумулятор, электр көлігі және жоғары технологиялық өндіріс қарқынды дамып жатқандықтан, литий, мыс, уран және сирек металдарға сұраныс өсіп жатыр. Екіншісі – жаңартылатын энергетика. Қазақстанда жел және күн энергетикасының әлеуеті өте жоғары. Үшіншісі – логистика мен көлік инфрақұрылымы. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік мемлекетке айналып келе жатыр. Одан кейін агроөнеркәсіп саласы. Әлемде азық-түлік қауіпсіздігі өзекті болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттау мүмкіндігі артып келеді. Тағы бір бағыт – цифрлық экономика мен IT. Мемлекет бұл бағытқа ерекше қолдау көрсетіп келеді, ал цифрлық қызметтерге сұраныс тұрақты өсіп жатыр", деп атап өтті ол.

Бауыржан Ысқақов Қазақстанның басқа Орталық Азия елдерімен салыстырғандағы басты инвестициялық артықшылығына тоқталып өтті.

"Біріншіден, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика, ішкі нарықтың сатып алу қабілеті жоғары. Екіншіден, елде халықаралық қаржы институттарымен жұмыс тәжірибесі қалыптасқан, инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесі салыстырмалы түрде дамыған деп айтуға болады. Үшіншіден, еліміз табиғи ресурстарға өте бай және Еуропа мен Қытай арасындағы стратегиялық дәліз ретінде орналасқан. Сонымен қатар, халықаралық қаржы орталығының қызметі, визалық режимнің жеңілдеуі және мемлекеттік қолдау бағдарламалары да Қазақстанның бәсекелік артықшылықтарын көрсететін фактор болып саналады", деді сала маманы.

Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде бюрократиялық кедергілерді азайту үшін қандай өзгерістер қажет?

"Ең алдымен рұқсат беру рәсімдерін толық цифрландыру қажет. Инвестор әртүрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінбей, барлық қызметті "бір терезе" қағидаты бойынша алғаны дұрыс деп ойлаймын. Сондай-ақ жер телімдерін беру рәсімін ашық ету; келісу мерзімдерін заңмен нақты белгілеу; мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту; инвестициялық дауларды жедел қарайтын тиімді тетіктерді дамыту да маңызды. Инвестор үшін ең маңыздысы – уақыттың үнемделуі және ережелердің тұрақтылығы. Инвестиция тартуда өңірлер арасындағы бәсекелестікті қалай күшейтуге болады дегенге келсек, өңірлер өздерінің экономикалық мамандануын нақты айқындауы қажет. Бір облыс агроөнеркәсіпке, екіншісі машина жасауға, үшіншісі туризмге немесе логистикаға басымдық бергені тиімді болып табылады. Бұдан бөлек әкімдердің жұмысын тартылған инвестиция көлемімен ғана емес, оның сапасын бағалайтын көрсеткіштерді енгізуіміз қажет. Дайын индустриялық аймақтар мен инженерлік инфрақұрылымды көбейтіп, әр өңірдің инвестициялық паспортын халықаралық деңгейде белсенді таныстыру керек. Бұл өңірлер арасындағы тиімді бәсекелестікті қалыптастыратын фактор", деді сарапшы.

Экономист геосаяси өзгерістердің Қазақстанның инвестициялық ахуалына әсері екіжақты екенін айтты. Яғни, жаһандық тұрақсыздық инвесторлардың сақтық танытуына себеп болып, логистикалық тәуекелдер, санкциялар және әлемдік нарықтағы белгісіздік инвестициялық шешімдерді баяулатуы мүмкін. Ал екіншіден, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Себебі халықаралық компаниялар өндіріс пен жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Бауыржан Ысқақов еліміз осы үдерісте транзиттік әрі өндірістік хаб ретіндегі орнын күшейте алатынын жеткізді.

Сарапшыдан алдағы 5-10 жылда Қазақстанда инвестицияның ең перспективалы бағыттары қандай болатынын анықтап білдік.

"Алдағы он жылда ең үлкен әлеует келесі бағыттарда болады. Атап айтқанда, сирек кездесетін және стратегиялық металдарды өндіру мен өңдеу, мұнай-химия және терең өңдеу өндірістері, жасыл энергетика және энергия сақтау технологиялары. Одан кейін цифрлық экономиканы айтуға болады. Жасанды интеллекті бар логистика мен халықаралық көлік дәліздері, агроөнеркәсіп пен азық-түлік өңдеу, су үнемдеу технологияларын да айтуға болады. Фармацевтика да негізгі басымдық болып саналады. егер Қазақстан осы салаларға инвестиция тартып, институционалды реформаларды жалғастыратын болса, алдағы бес-он жылда шетелдік инвестициялардың сапасы артады. Бұл ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі болады деген үміт бар", деді спикер.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазір жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталықтары және энергетика салаларына салынатын инвестициялар өте тартымды болып тұр.

"Егер елдің өз энергетикасы болып, жасанды интеллектіге қажет есептеу қуатын қамтамасыз ететін дата-орталықтар мен серверлік фермалар болса, олар инвесторлар үшін тартымды болып тұр. Шикізат саласына келетін инвестициялар ақырындап азайып жатқандай сияқты, бірақ барлау жұмыстарына қызығушылық бар. Сонымен бірге сирек кездесетін металдар саласы да инвесторлардың назарын өзіне аударып жатыр. Бұған қоса, ауыл шаруашылығының инвестициялық әлеуеті үлкен екенін көрсетті. Сондықтан Қазақстанға осы салаға инвестициялар келуі мүмкін. Біздің негізгі инвестициялық артықшылығымыз – бізде жаңа Конституция. Көп елдерге қарағанда онда инвесторларды қорғау, инвестициялық келісімдер мен олардың құқықтық мәртебесіне қатысты маңызды нормалар қамтылған. Сондықтан Конституцияның өзі инвесторларға белгілі бір кепілдік береді. Біздің негізгі артықшылығымыз – институционалдық артықшылығымыз. Заңдардың барлығы инвесторларды қорғауға арналған. Екінші артықшылығымыз – инфрақұрылымдық. Біз инвесторлармен көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз және олармен қалай жұмыс істеу керектігін білеміз. "Бір терезе" қағидаты жұмыс істейді. Қазір прокурорларға инвесторларды алып жүру және қорғау тапсырылған. Сонымен қатар бізде арнайы режимдер бар. Ол арнайы экономикалық аймақтар мен британ құқығы негізінде жұмыс істейтін Астана халықаралық қаржы орталығы бар. Мұның барлығы Қазақстанның белгілі бір үлкен инвестициялық ландшафтты құрып қойғандығын көрсетеді", – деді сала маманы.

Сарапшының пікірінше, әр өңірдің белгілі бір салада өз артықшылықтары бар.

"Батыс өңірлер мұнай, газ және газ-химия өнеркәсібіне инвестиция тартады. Оңтүстік өңірлер ауыл шаруашылығы саласына маманданған, мұнда сирек кездесетін металдар өте көп. Орталық өңір көмір арқылы генерация, электр энергиясына инвестиция салғысы келген инвесторлар осы өңірге бара алады. Өйткені мұнда арзан генерация бар. Сондықтан жасанды интеллектінің есептеу қуатын қамтамасыз ететін үлкен деректер орталықтарын осы өңірде орналастырады. Бұл өңірдің майнинг саласында да артықшылықтары бар. Шығыс өңірлерде инвестицияның бірнеше позициясы бар. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм. Ал Алматы мен Астана – үлкен мегаполистер. Сондықтан бұл қалаларда қызмет көрсету саласына инвестиция салуға болады. Жалпы, әр өңір өзінің қай жағынан мықты екенін біледі. Соған сәйкес инвестициялық карталарын әзірлеп, сол бағытта жұмыс істеп жатыр", – деді спикер.

Алдағы 5-10 жылда жасанды интеллект, азық-түлік өндірісі және электр энергетикасы ең қарқынды дамитын салалар болады, дейді сала маманы.

"Өйткені жасанды интеллект электр энергиясымен тікелей байланысты. Электр қуаты болмаса, жасанды интеллект те болмайды. Сондықтан осы екі сала қатты дамиды. Соңғы геосаяси өзгерістер, соғыстар мен қуаңшылық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы артып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы тағы да өзіне лайықты орнын алады деп ойлаймын", – деп атап өтті Айбар Олжай.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артық.

Инвестиция ең көп өскен өңірлер – Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары. Ал Жетісу облысында, Шымкентте, Қарағанды облысында және Солтүстік Қазақстан облысында көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Республика бойынша инвестицияның ең үлкен үлесі Астанаға және Алматыға тиесілі. Жалпы инвестицияның жартысына жуығын ірі және орта кәсіпорындар салған. Салымдардың дені өнеркәсіпке бағытталған. Мысал ретінде өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өндірісін, сондай-ақ жылжымайтын мүлік, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылықтары салаларын айтсақ болады.

Жалпы алғанда, сарапшылар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары деңгейде сақталып отырғанын айтады. Бұған елдегі тұрақты бизнес ортасы, жүргізіліп отырған теңгерімді саясат оң әсер етіп отыр. Олардың пікірінше, Қазақстан бүгінде аймақтағы инвестиция үшін ең перспективалы бағыттардың біріне айналғалы қашан. Соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, құйылған капитал көлемінің өсуі де осыны айғақтай түседі. Себебі халықаралық инвесторлар қаржы салмас бұрын елдегі экономикалық және құқықтық жағдайды жан-жақты бағалайды. Сондықтан олардың Қазақстанды таңдауы – инвестициялық ахуалдың сенімді әрі қолайлы екенін көрсетеді. Жалпы алғанда, инвесторлар үшін тұрақтылық, қауіпсіздік және қолайлы бизнес ортасы шешуші фактор болып саналады.

Қаржыгерлер елімізге тартылатын инвестиция көлемімен қатар оның сапасы да жақсарып келе жатқанын айтады. Бүгінгі таңда республикаға дәстүрлі салалармен бірге жаңа бағыттарға да инвестиция құйылып жатыр. Әсіресе, жасанды интеллект технологияларын енгізуге қызығушылық арта түскен. Яғни, жасанды интеллектіге негізделген қызметтерге сұраныс ұлттық компаниялар арасында да, шетелдік инвесторлар тарапынан да артып отырғаны белгілі болды. Қазақстанға келетін компаниялар тек қаржы құюды ғана емес, инвестициялық жобалар аясында озық цифрлық және жасанды интеллект шешімдерін енгізуді де мақсат етеді. Қазақстанның инвестициялық әлеуетін одан әрі күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыру аса  маңызды.

Саяси тұрақтылық, салықтық жеңілдіктер

The World Financial Review сарапшыларының жазуынша, Қазақстандағы экономикалық өзгерістер соңғы жылдары жүргізілген реформалардың тікелей нәтижесі болып отыр. Елде инвестициялық ахуал жақсарып, индустриялық аймақтар жаңғыртылғаны айтылады. Бұдан бөлек салықтық жеңілдіктер мен инвесторларға арналған рәсімдердің жеңілдетілуі ұзақ мерзімді инвестиция тартуға жол ашты.

"Қазақстан оларға саяси тұрақтылықты, ірі нарықтарға қолжетімділікті әрі халықаралық инвесторларға түсінікті болатын құқықтық ортаны ұсынады. Соның арқасында ел өндіріс орындарын орналастыруға қолайлы бағыттардың біріне айналып отыр", – деп жазады басылым.

Мақалада бірнеше ірі жоба мысал ретінде келтірілген. Басылым Қазақстанның өндірістік хабқа айналуы жоғары технологиялы салаларда да байқалып отырғанын атап өтеді. Соның бір мысалы – 2025 жылы Қостанайда толық өндірістік циклмен KIA көліктерін шығаратын зауыттың іске қосылуы. Құны 270 млн доллардан асатын жоба тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге емес, Орталық Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына экспортқа бағытталған. Толық өндірістік цикл жеткізушілер желісін, білікті мамандарды және ұзақ мерзімді жоспарлауды қажет етеді. Сондықтан мұндай кәсіпорындар өнеркәсіптік кластерлердің негізгі өзегіне айналады.

Тағы бір мысал – америкалық Wabtec компаниясы. Локомотив өндірушісі Қазақстандағы өндірісін кеңейтіп, жергілікті құрамдас бөлшектердің үлесін арттырып келеді. Сонымен қатар Астанада инженерлік-технологиялық орталық ашып жатыр. Ұлттық теміржол компаниясымен жасалған ұзақ мерзімді келісімдер өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, жаңа технологиялар мен тәжірибенің енгізілуі елдің технологиялық әлеуетін күшейтеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға халықаралық ірі компаниялардың келуі елде өндірісті дамытуға қолайлы орта қалыптасқанын көрсетеді. Ал жергіліктендіру мен өңдеу саласына салынған инвестициялар шетелдік бизнестің Қазақстанға деген сенімінің артқанын аңғартады. Бұл еліміздің әлемдік және өңірлік өндіріс тізбегіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Трансұлттық компанияларды тарту, экспорт көлемін арттыру және өндірісті жергіліктендіру Қазақстанның Еуразиядағы жетекші өнеркәсіп орталықтарының біріне айналуына ықпал етіп отыр. Шетелдік инвестиция тек қаржы әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді.

Қазақстан – инвесторлар үшін тартымды ел

Бұған бірінші кезекте еліміздің географиялық тұрғыдан орналасуы әсер етеді. Республикамыз Еуропа мен Азияның ортасында орналасқандықтан, халықаралық жүк тасымалында маңызды рөлге ие. Сонымен қатар елде көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған. Әуе, теміржол, автомобиль және теңіз көлігі де тиімді жұмыс істейді. Мәселен, Астана мен Алматы әуежайларында халықаралық рейстер ұшады. Ал Еуропа мен Азия арасындағы құрлық арқылы өтетін жүк тасымалының басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағыт теңіз жолына қарағанда әлдеқайда жылдам әрі шығыны да аз болып есептелінеді. Сонымен қатар Ақтау мен Құрық порттары Каспий теңізі арқылы халықаралық сауда жасауға мүмкіндік береді.

Тағы бір артықшылық ретінде жер асты байлығын жатқызуға болады. Атап айтқанда, елде уран, мыс, хром, мырыш, қорғасын, темір, көмір және алтын сияқты пайдалы қазбалардың ірі кен орындары бар. Сондықтан тау-кен өнеркәсібі инвесторлар үшін ең тартымды салалардың бірі болып отыр.

Еліміздің еңбек ресурстары да инвестиция тартуға қолайлы. Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асады, олардың айтарлықтай бөлігі – жастар. Сонымен қатар жоғары оқу орындары түрлі салаға қажетті мамандар даярлайды.

Инвесторлар Қазақстанда тек тау-кен саласына ғана емес, металлургия, машина жасау, энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм және өңдеу өнеркәсібіне де қаржы сала алады. Осы мүмкіндіктердің барлығы Қазақстанды шетелдік инвестиция үшін тартымды елдердің біріне айналдырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу