Атырау сотында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің қатысуымен жүргізілген тергеу экспериментінің бейнежазбасы көрсетілді. Кадрларда сотталушы болған оқиға туралы өз нұсқасын баяндаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев бұл қылмысқа баруына ұзаққа созылған отбасылық жанжалдың себеп болғанын айтқан. Оның сөзінше, әйелі Ақбаян және үш жастағы қызымен бірге жұбайының ата-анасының үйіне қонаққа барған кезде жанжал ушыға түскен.
Сотталушының нұсқасы бойынша қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева оны қорлап, Ақбаянды ата-анасының үйінде қалдыруды, кішкентай балаларын қайтаруды талап еткен.
Айыпталушының айтуынша, әйелінің жақындары 5 баланы күшпен алып кетеміз деп қорқытқан. Сәрсемәлиев қылмыс жасардың алдында қораға кіріп, өзіне қол салмақ болғанын да айтады. Алайда соңғы сәтте райынан қайтқан көрінеді.
"Қорада алдымен өзім асылып өлгім келді, алайда кейін балаларым мен әйелім менімен бірге қалуы үшін оларды өлтіремін деп шештім. Қылмысты жасыру жоспарын мұқият әзірлеп, ақшаны қалай алатынымды да алдын ала ойластырдым ", – деді сотталушы тергеу әрекеттері кезінде.
Сотталушы күдік болмауы үшін су, газ және жылу есептегіштерінің көрсеткіштерін алдын ала тіркеп қойған.
"Менің алдымда үш таңдау тұрды: өлу, балаларды беру немесе өлтіру. Шешім қабылдағаннан кейін бәрін егжей-тегжейлі ойластырдым. Мобильді қосымшадағы төлемдер тарихына кіріп, жеке шоттарды таптым да, үйде адамдар бар екеніне сендіру үшін су, газ және жылу есептегіштерінің көрсеткіштерін жазып алдым", – деді Сұлтан Сәрсемәлиев тергеу эксперименті барысында.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы қылмысты жасағаннан кейін марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан электр, су және газ есептегіштерінің көрсеткіштерін беріп отырған. Ал қайын атасы Мақсот Қарабалиннің интернет-банкингі арқылы коммуналдық қызметтерге төлем жасаған.
Тергеу нұсқасы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев марқұмдардың үйінен 3 жеке куәлікті, 3 банк картасын және 2 алтын сақинаны әкеткен. Сонымен қатар үйден соңғы 60-70 мың теңгені, банк карталарының құпиясөздері жазылған қағазды да алған. Тергеу мәліметінше, ол марқұм қайын енесінің телефонын да алып кеткен.
Айта кету керек, бұған дейін сотта Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтқанын жазғанбыз. Оның ломбардқа 2 алтын сақинаны өткізген видео сотта көрсетілді.