Сауда құрылымында жаңа трендтер пайда болып жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр электрондық сауда әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі екенін жеткізді.
"Бүгінде әлем халқының 30 пайызы интернет арқылы онлайн сауда жасайды. 2024 жылы жаһандық электрондық коммерция нарығының жалпы көлемі шамамен 6,3 триллион долларды құрап, оның ішінде электрондық сауданың үлесі 20 пайызды құрады. Алдағы жылдары электрондық коммерцияның көлемі 8,3 триллионға дейін өседі деп болжануда", – деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.
Бүгінгі таңда сауда құрылымы қарқынды түрде өзгеріп жатыр.
"Жаңа трендтер пайда болып жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект технологияларын енгізу, дербестендіру (персонализация); әлеуметтік желілер арқылы сауданың өсуі, стриминг арқылы сауда жасау. Сонымен қатар компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі артып, экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін стрим қолдану арқылы айына миллиондаған табыс тауып отырған өнеркәсіптің жұмысы туралы жазғанбыз.