Әлемде үшінші адам АИТВ-вирустан жазылып шықты

1439

Бірақ ғалымдар бұл дерттің ары қарай "жазылмайтын ауру" санатында қалатынын ескертіп отыр.  

Әлемде үшінші адам АИТВ-вирустан жазылып шықты Фото: gov.kz

Nature Medicine ғылыми сенсацияны жариялады. Германияда 53 жасар еркек иммунтапшылығы вирусынан (АИТВ, орысша ВИЧ) жазылып шыққан. Он жыл бойы сырқатты бақылаған дәрігерлердің осыны куәландыратын есебі аталған мамандандырылған басылымда жарияланды.

Лейкемиядан зардап шеккен науқасқа бөтен адамның дің жасушаларын (стволовые клетки) енгізу көмектескен. Сонымен атын естісе адамзат шошитын аурудан әлемде үшінші пациент айығып отыр.

Nature журналы сөз болып отырған оқиғаның жай-жапсарын барынша қарапайым тілде түсіндірді. Он жыл бұрын, 2013 жылы Дюссельдорфта Бьорн-Эрик Йенсен бастаған дәрігер зерттеушілер командасы жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (ЖИТС) және лейкемия дерттерімен ауыратын науқастың сүйек кемігін (костный мозг) алып тастап, орнына денесінде белгілі бір мутациялар жүрген басқа адамның сүйек кемігін салған. Мутация әсерінен жасуша-клетканың беткі қабатында CCR5 ақуызы қалыптаспайды. Вирус болса, дәл сол CCR5 ақуызын жасушаның ішіне ену үшін пайдаланатын көрінеді. Нәтижесіне, сүйек кемігінің де, қанның да жасушалары АИТВ-вирусына төтеп бере алады. Ол адамның жаңа клеткалары вирус жұқтырмайды.

Бес жыл бойы пациент антиретровирустік терапияны қабылдауды жалғастырған: бұл – ЖИТС-ті емдеудің стандартты әдісі саналады. Соның көмегімен қандағы вирустың шоғырлануының барынша азайтылатыны сонша, вирус детекцияланбайды, яғни зерттеулер кезінде де анықталмайды. Бірақ егер науқас препараттарын қабылдауды доғарса, онда вирус қайта оралады, себебі адам ағзасында ол бәріне төзімді "резервуарларда" сақталады.

Германиялық сырқатты бақылаған ғалымдар оның қанынан АИТВ-ға спецификалық реакция білдірген иммундық жасушаларды дүркін-дүркін тауып отырған. Бұл оның ағзасында вирустары бар резервуарлардың ішінара сақталып қалғанын білдіруі мүмкін.

Бірақ сол иммундық клеткаларды бөліп алып, зертханалық тышқандарға еккенде, кеміргіштердің бойында вирус көбеймеген.

Сондықтан ғалымдар мұны вирустардың "істен шығуының" бір белгілі деп таныған көрінеді. Бұдан бөлек, сырқаттың бойынан вирустік ДНК табылыпты: ол да сол бойы репликацияланбаған (жаңғырмаған). 2018 жылдан бері пациент терапия қабылдауды тоқтатты, бұл ретте АИТВ-дан ада болып қала берген екен.

Бұған дейін әлемде ұқсас процедурадан өткен екі адам АИТВ-дан табысты құтылды. Тимоти Рэй Браунға 2007 жылы сүйек кемігін ауыстырып салу операциясы жасалған. Оның қанынан вирус табылмады. Ол 2020 жылы қайтыс болған.

Дегенмен, ғалымдар аталған сенсацияға сонша қуанып отырған жоқ. Өйткені, ол әдісті тек қана лейкемиямен ауыратын адамдарға қолдануға болады. Бұған қоса, сүйек кемігін ауыстырып салу операциясы аса қауіпті: өзге адамның бұл тіні "жерсінбеуі" және науқасты өлтіріп тынуы ықтимал. Nature журналы қаупі жоғары болғандықтан, бұл әдістің кең қолданылуы неғайбыл деген байламға келді.

Ұқсас зерттеулермен шұғылданған Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің микробиологы Равиндра Гупта біраз жағдайда вирус адам денесінде мутацияланып, оның жасушаларына еніп кетудің ақуыздан басқа жолдарын табатынын ескертті. 

Олай болса, АИТВ/ЖИТС сол бұрынғыдай, құлан-таза жазылуға келмейтін, тек уақытша құрықтап ұстау мүмкін болатын дерттер қатарында қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу