ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, 2004 жылы әлемде 6809 тіл болған. Осы тілдердің тең жарымы 8 елде, атап айтқанда: Индонезия, Мексика, Бразилия, Камерун, Индия, Қытай, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде. Соның ішінде ең көп тіл Үндістанда – 845, Папуа-Жаңа Гвинеяда – 820 тіл бар. Бұл туралы aikyn.kz. хабарлайды.
Әлем халқының 80 пайызы негізгі 80 тілде, ал қалған 3,5 мың тілде тек 0,2 пайызы ғана сөйлейді. Жер бетіндегі тілдердің 96 пайызында жалпы халықтың 3-ақ пайызы, қалған 97 пайызы барлық тілдің 4 пайызын қолданады. Осы 97 пайыз – басына қауіп төніп тұрған жергілікті ұлттардың тілі. Сонда жойылып бара жатқан тілдермен бірге жер бетіндегі ұлттардың 97 пайызы құритындығы қоғам үшін орны толмас гуманитарлық апат екендігі түсінікті болса керек.
Тағы бір деректерде дүниежүзіндегі қазіргі бар тілдердің келешекте тек бес пайызы аман қалады деп айтылады . Осы сияқты деректерге сенсек, жыл сайын 25 тіл "өліп", ХХІ ғасырда әлем тілдерінің 80 пайызы жоғалады екен.
Халықтың 60 пайызы он шақты, нақтылай түскенде қытай тілінде 850 млн, ағылшын тілінде 500 млн, хинди тілінде 273, араб тілінде 140 млн, испан тілінде 230 млн, орыс тілінде 200 млн, португал тілінде 115 млн, жапон тілінде 110 млн, неміс тілінде 100-ден астам млн, француз тілінде 70-тен астам млн адам сөйлейді. Осы тілдер әлем халқының 2,4 миллиард халқының күнделікті қарым-қатынас қажетін өтеп отыр.
2020 жылы бүкіл әлем халқының 50 пайыздайы ағылшын тілінде сөйлейтін болады деген болжам бар. Бұған сенуге болады. Өйткені қазірдің өзінде-ақ халықаралық түрлі қарым-қатынастардың, сауда-саттықтың 80 пайыздайы, ғылыми жаңалықтардың, ғылыми әдебиеттердің 85-90 пайыздайы ағылшын тілінде. Әлемге әйгілі Си-би-эс, Эн-би-си, Эй-би-си, Би-би-си және Си-би-си секілді алпауыт телекомпаниялар дүниежүзіне ақпараттарды ағылшын тілінде таратады .