Сауд Арабиясындағы метро Астанадағы LRT-дан "арзан" болып шықты

609

Елде Меккеден кейінгі екінші метрополитен іске қосылды. 

Сауд Арабиясындағы метро Астанадағы LRT-дан "арзан" болып шықты Фото: press.siemens.com

Мұсылман жамағаты үшін қасиетті қос кие орналасқан Сауд Арабиясында заманауи метро ашылғанын халықаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, фото, видео таратуда.

Шығыс пен Батыс сәулет өнерлерінің жауһарларын үйлестірген, сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті келіскен метроның станцияларын әлемдік архитектуралық бюролар жобалаған екен.

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы жаңа метрополитен осы елдегі Меккедегіден кейінгі екінші метро жүйесіне айналды.

Осы орайда келесі қызықты салыстыруды келтіре кеткен жөн. Мысалы, Астанада 13 жылдан бері салынып жатқан, жоба бойынша барлық құрылыс жұмыстары тек 2025 жылдың соңында аяқталады және 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланып отырған LRT қазірдің өзінде Қазақстанға ресми мәлімет бойынша 1,888 миллиард долларға түсті.

Бұл сомаға жобалау, сатып алу, объектіні салу және оны қолданысқа енгізудің барлық жұмыстары кіреді.

Алайда елорда әкімдігінің хабарлауынша, бұл – ақырғы құны емес. LRT-ның соңғы бағасы, сондай-ақ қоғамдық көліктің бұл түрін жолаушылар пайдалана алуы үшін оны субсидиялауға бюджеттен жұмсалатын шығыстар тек объект іске қосылғаннан кейін, яғни, 2026 жылы белгілі болады.

Сондай-ақ әкімдіктің нақтылауынша, жергілікті атқарушы орган ЛРТ жүйесіне енетін объектілердің бәрін ұстап тұруға және эксплуатациялық шығыстарына қажетті, экономикалық негізделген шығындарды есепке алатын болады.

Сонымен бірге сарапшылар Қазақстан Үкіметінің астаналық ЛРТ-ны салуға жұмсаған 1,888 миллиард долларды Қытай даму банкінен қарызға алғанын еске салады. Тиісінше, қытайлық заемға 20 жыл қызмет көрсеткенде, ол ақыр соңында Қазақстан бюджетіне 2,6 миллиард долларға түсуі мүмкін.

Ал, Эр-Риядтағы метро арабтарға небары 22,5 млрд долларға түскен. Яғни, тек 8 есе ғана қымбат.

Астанадағы ЛРТ небары 8 станциядан тұрады, ал, саудиялық метро 85 станциядан құралған. Яғни, 10,6 есе көп.

City Transportation Systems компаниясының дерегінше, астаналық ЛРТ жолының ұзындығы әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін небары 22 шақырым болады. Ал, саудиялық метроның жолының ұзындығы 176 шақырымнан асады. Яғни, тура 8 есе ұзын.

Бұл ретте астатөк қаражат шығындалған елордалық "жеңілрельсті трамвай" (LRT) бар-жоғы эстакададан, шағын аялдамалардан, локомотив пен вагондардан ғана тұратынын ескерген жөн. Салыстырмалы түрде алғанда, қарапайым конструкция.  

Саудиялық метро бір мезгілде функционалды, қолданысқа оңтайлы, инклюзивті-қолжетімді, сондай-ақ сәулетті болуы үшін онда жаһандық танымал жобалаушы компаниялардың архитектуралық шешімдері қолданылған.

Сауд Арабиясының астанасындағы метрополитеннің құрылысы елордалық ЛРТ-дан (2011 жылы қолға алынды) көп кеш – 2014 жылы басталды.

Бастапқыда 2018 жылы оны ел игілігіне тапсыру жоспарланған екен. Дегенмен, әлемдегі трендтердің өзгеруіне, сұраныстың артуына, заманауи жаңа талаптардың туындауына байланысты жобаға түзетулер енгізілген.

Ақырында арабтар бұл жобасымен бірнеше әлемдік рекорд орнатты. Мысалы, дүниежүзінде тұңғыш рет адамдардың қатысуынсыз жұмыс істейтін метро іске қосылып отыр. Сонымен қатар Эр-Риядтағы метрополитен – жер-жаһандағы ең үлкен пилотсыз басқарылатын жүйеге айналды.

Метро пойыздары жүргізушісіз, компьютердің көмегімен жүреді. 85 станцияның бәрінде оның кідірісі және орнынан қозғалуы да автоматиканың көмегімен іске асырылады, оларға да адам араласпайды.

Айта кету керек, 2024 жылғы 1 желтоқсанда бірден 39 станциясы қолданысқа берілді. Қалғаны бірте-бірте қатарға қосылады. Жаңа жылдың басында барлық 85 станциясы жолаушыларына қызмет етеді.

Риядтық метрополитен 6 желі-бағыттан тұрады, жолының жалпы ұзындығы 176 шақырымнан астам.

Бірінші кезеңде үш желісі іске қосылды. Бірінші "көк тармағы" 24 станцияны, ал, төртінші "сары тармағының" және алтыншы "күлгін тармағының" әрқайсысы 9 станцияны қамтиды.  

Осы жексенбіде, 15 желтоқсанда екінші "қызыл тармағы" мен бесінші "жасыл тармағы" тапсырылады. 2025 жылғы 5 қаңтарда үшінші "қызғылтсары тармағы" қолданысқа енгізіледі.

Вагондардың түсі тармағының түсіне сәйкес келеді, осы арқылы жолаушылардың жолынан адаспауына жағдай жасалды.

Саудиялықтар метроны бір компанияға басыбайлы беріп қоймай, онда бәсекелестікке өріс ашты, нәтижесінде желілерде әртүрлі өндірушілердің пойыздары сапарлап жүр.

Көк және қызыл жылжымалы құрамды немістің атақты Siemens компаниясы жеткізді. Қызғылтсары вагондарды канадалық-германиялық Bombardier ұсынды. Француздық Alstom пойыздары мен вагондары сары, жасыл және күлгін тармақтарда жүйткиді.

Ал, елордалық ЛРТ-да қытайлық қана локомотив пен вагондар болады деп күтілуде.

Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін риядтық метроның әрбір станциясында жолдар бойындағы қоршаулар орнатылған. Олар тек пойыз келіп тоқтағанда ашылады. Бұл дұрыс, әйтпесе, күні кеше, 10 желтоқсанда Алматы метросының "Абай" станциясында көзі нашар көретін зағип еркек рельске құлап мерт болды.  

Эр-Рияд метросының вагондары жолаушыларға қолайлы болу үшін 3 санатқа бөлінген. Біріншісі – "Family", яғни, отбасымен, бала-шағасымен сапарлайтын жолаушыларға арналған. Екіншісі – "Single", ол жырқ-жырқ күлкіні, арқа-жарқа қызу әңгімені жаны сүйетін жастарға, бойдақтарға, жалғызбасты жолаушыларға арналған.

Вагондардың бір бөлігі жол бойы ерлермен еш араласпай, өзі құралпы тек нәзік болмыс иелерінің ортасында ғана болуды қалайтын әйелдерге арналған.

Сондай-ақ жайлылығы жоғары бірінші сынып вагондары да бар. CNN метроның бірінші және соңғы вагондарынан көз тоймайтын көркем көріністер ашылатынын сюжетіне арқау етті. Өйткені метро жер бетінде, қала ішімен де жүреді.

Бұл ретте бірінші сыныптағысынан басқа вагондарда жол жүру құны бірдей. Көлік картасы бойынша сапар тарифі мынадай (Қазақстанның Ұлттық банкінің 2024 жылғы 12 желтоқсанға белгілеген ресми бағамы бойынша Сауд Арабиясының 1 риялы 137,56 теңгеге тең):

  • 2 сағаттық тариф – 4 риял (шамамен 550 теңге),
  • 3 күндік тариф – 20 риял (2 751 теңге),
  • 7 күндік (бір апталық) тариф – 40 риял (5 503 теңге);
  • 1 айлық тариф – 140 риял (19 259 теңге).

Бірінші сыныптағы вагондармен жүру құны жоғары:

  • бір реттік, 2 сағаттық сапар тарифі – 5 доллардай,
  • 3 күндік тариф – 13 доллардай,
  • 7 күндік тариф – 26 доллардай,
  • 1 айлық тариф – шамамен 93 доллар.

І-класты вагондарда жоғарылатылған жайлылықтағы креслолар қойылған. Бұған қоса, пойыздың басынан орын алып, өзіңізді машинист ретінде сезіне аласыз, үлкен терезеден алдыңыздан керемет панорама ашылады. Кейбір станцияларда бірінші сынып жолаушылары өзгелермен жағаласпай, жеке блоктан асықпай кіре алады.

Көлік карталарын станциялардың өзінде орналасқан кассалардан, немесе көшелердегі ақпараттық дүңгіршектерден, сондай-ақ Darb  мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

Телесюжеттерде паш етілгендей, барлық станцияларда тазартылған су ішуге арналған шағын субұрқақ-фонтандар, дәретханалар, пойыздың қашан келетінін хабарлайтын таблолар бар. Кондиционерлеу жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Бірқатар станцияларда қазірдің өзінде сауда желілері, кофехана-дәмханалар ашылған.

Айтпақшы, көздері нашар көретін жолаушылар құлап кетпеуі, жолынан жаңылмауы үшін Эр-Рияд метросының платформаларына тактильді плиткалар төселген. Бірқатар ақпараттық және ескертпе белгілері Брайль қарпімен терілген. Мүгедек адамдар үшін әрбір станцияда арба-коляскілер қарастырылған. Мұның бәрін астаналық ЛРТ-ны салушылар да ескерсе, құба-құп.

Сауд Арабиясы метро көмегімен тұрғындарды жеке көлігінен қоғамдық көлікке көшіруге күш салуда. Бірқатар станциялардың жанында жеке көлікті тастап кетуге болатын автотұрақтар жабдықталған. Бірінші сағат барлық автомобиль иелері үшін тегін. Одан кейінгі әрбір сағат үшін 2–3 доллар аралығында тариф алынады.

Риядтық метрода көпдеңгейлі станциялар да кездеседі. Олар 3 қабаттан тұрады. Баспалдақ сыртында әрбір станция лифтілермен, эскалаторлармен жабдықталған.

Дүниежүзінің әртүрлі елінен келген шетелдік туристер әлеужелідегі посттарында станциялардың қиялға қанат қақтырар сәулетіне тамсануда. Мысалы, KAFD (King Abdullah Financial District немесе Абдулла патша, Қаржы ауданы) станциясы риядтық метрополитен жүйесінің жауһарына айналып үлгерді.

Оны аты әлемге мәшһүр Захи Хадид архитектуралық бюросы жобалаған. Интерьері мен экстерьері қиял-ғажайып, футуристік стилде орындалған. KAFD сияқты тоғыспалы, яғни, жолаушылар тармақтан тармаққа ауысып отыратын станциялар үлкен болып келеді әрі бірнеше деңгейден тұрады.

Өзге станцияларды жобалап, салу танымал сәулет фирмаларына сеніп тапсырылған. Мысалы, "Ұлттық музей" тоғыспалы станциясын германиялық Gerber Architekten бюросы, "Батыс" станциясын — саудиялық Omrania&Associates, "Каср аль-Хукм" станциясын — Норвегияның Snøhetta бюросы жобалап, тұрғызып берді.

Осы шығындардың бәрін арабтар 22 миллиард долларға сиғыза алды. Қазақстандықтар сондай жайлылық жағдайларының елордалық қымбат ЛРТ-да жасалғанын қалар еді.

Эр-Рияд метросы астанадағы көлік кептелісі проблемасын шешуге бағытталған. Шаһарға саяхаттайтын туристердің және онда тұрақтап қалатын тұрғындарының санының еселеп артуына байланысты бұл мәселе өзекті бола түсті.

Қазірдің өзінде Эр-Риядта 7,8 миллионнан астам адам тұрады. Биыл Сауд Арабиясы рекордтық көлемде – 30 миллион туристі қабылдады.

Бұған қоса, бағасы қолжетімді, әрі жиі қатынайтын қоғамдық көлік халықтың жеке автомобиліне тәуелділігін төмендетуге тиіс. Мұның бәрі тұрғындардың отынға деген шығысын кемітіп, атмосфераға шығарындыларды азайтса керек.

Барлық станциялары іске қосылған соң, Эр-Рияд метросы күн сайын 3,6 миллион жолаушыны тасымалдайды деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу