Нұр-Сұлтан қаласында әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған "Ұзыншұлық Пиппи" кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Астрид Линдгреннің "Ұзыншұлық Пиппи" кітабының аудармашысы Мира Сембайқызы шығарманы толық аударуға үш айдай уақыт кеткенін алға тартады.
"Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, тағы да қайта-қайта оқып, әбден тексердік. Балалар оқығанда түсініксіз ұғымдар, қиын сөйлемдер кездесіп қалмасын деп сөйлемдерді барынша жеңіл тілмен беруге тырыстым", – деп атап өтті Мира Сембайқызы.
Мира Сембайқызы балаларға арналған шығарма аударасың дегенде қуанғандығын, балалар әдебиеті жанына жақын екенін де айтады.
"Көп балалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп интернет-дүкендерді ақтарып отыратынмын. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің "Пиппи Ұзыншұлық" шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды. Қазақ тіліндегі балалар шығармасына тағы бір кітаптың қосылатыны және оған мен себепкер болғаным мен үшін үлкен жетістік. Өзім де балаларға арнап шығармалар жазып жүргендіктен, әрі Пиппидің оқиғалары жеңіл, ойнақы болғандықтан аударма барысында айтарлықтай қиындықтар болмады. Редактормен "Pippi есімін Пеппи, әлде Пиппи деп аламыз ба?" деп біраз талқыға салып, ақыры дұрыс оқылуына сүйеніп, Пиппи деп алдық. Басқа тілдерге аударылғанда да Pippi деп алған", – деді Мира Сембайқызы.
Астрид Линдгрен, ЮНЭСКО ұйымының мәліметі бойынша, әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторы арасында 18-орында, бұл тізімде Линдгрен Федор Достоевский, ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсендермен қатар тұр. Кітаптары әлемнің барлық балаларының балалық шағының айрылмас бір бөлігіне айналған Линдгрен әдебиет алаңында ғана емес, Швецияда қоғамдық пікір көшбасшысы,елінің белсенді журналисі болды.
76 жыл бұрын жарық көрген "Ұзыншұлық Пиппи" соғыстан кейінгі шведтік балалар үшін бостандық, өмірге деген сүйіспеншілік символына айналды. Линдгрен балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтату мен оларға деген құрмет сезімін қалыптастыру қажеттілігін қоғамға жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Барлық кітаптарынан "еркін тәрбиелеу шекараның немесе ата-анаға деген құрметтің жоқтығын білдірмейді, бұл ата-ананың балаға деген құрметін білдіреді", "Балаңызға шың көңілмен мән беріңіз", "Балаңызды қолдаңыз", "Балаңызды тыңдауды үйреніңіз", "Балаңызбен ойнаңыз", "Балаңызбен сөйлесіңіз" және ең бастысы "Балаңызға қол көтермеңіз" деген идеяны байқаймыз.
2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, Ұзыншұлық Пиппи 5-орында. Сондай-ақ бізде бар ақпаратқа сәйкес, "Ұзыншұлық Пиппи" еңбегі 100-ге жуық тілге аударылып, кітап желісі бойынша бірнеше фильм мен сериалдар түсірілген.
"Ағылшын тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударылып отырған "Ұзыншұлық Пиппи" қазақ тілінде кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз",– дейді "Фолиант" баспасынан.