Әлемдік мұнай компаниялары эко-белсенділерден жеңілді

826

26 мамырдағы сот шешімі бойынша, Shell көмірқышқыл газының шығарындыларын 45%-ға азайтуға міндеттелді.

Әлемдік мұнай компаниялары эко-белсенділерден жеңілді Фото: reuters.com

Әлемдегі ең ірі компаниялардың қатарына кіретін Exxon Mobil, Royal Dutch Shell және Chevron осы аптада эко белсенділермен болған тартыста жеңілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Financial Times сайтына сілтеме жасап.

Shell компаниясы Friends of the Earth экологиялық ұйымымен арадағы дауда ұтылды. 26 мамырдағы сот шешімі бойынша, бұл компания көмірқышқыл газының шығарындыларын 45%-ға азайтуға міндеттелді.

Сот компаниялардың шығарындыларға қатысты стратегиясына да әсер ете бастады. Мысалы, Chevron акционерлері алғаш рет компания менеджментіне жанама шығарындылар бойынша нақты мақсат қою талабын мақұлдады. Талаптар компанияның жұмысына, бірақ тікелей бақыланбайтын процестерге қатысты. Бұл процестерге материалдар өндірісі немесе қызметкерлердің жұмыс сапарларына байланысты көлік шығарындылары жатады. 

Ал Exxon Mobil компаниясына акционерлердің Engine No 1 хедж-қор белсендісінің идеяларын қолдауы қиындық туғызды. Директорлар кеңесіне қор ұсынған төрт үміткердің кем дегенде екеуі өтті.

Engine No 1 қоры Exxon Mobil компаниясының 54 миллион долларға бағаланған акциялар пакетіне ие. Компания оның белсенділігімен күрес жүргізуге 35 миллион доллардай қаражат жұмсады, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Мұнай алпауытының бас директоры Даррен Вудс жеңілісті мойындап, компания акционерлердің климаттық қатерлерге қатысты ұсынысын қабылдайтынын мәлім етті.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу