Әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары көрсетіледі?

375

Қолданыстағы заңнамамен әлеуметтік кәсіпкерлердің мәртебесі айқындалған.

Әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары көрсетіледі? Фото: inbusiness.kz

Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік құрылымдар ғана емес, азаматтық сектор да атсалысуы керек. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің алғашқы құрылтайында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Вице-министр әлеуметтік кәсіпкерлердің жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз 2021 жылы құрылғанын баса айтты.

“Өз кезегінде бұл алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлік деген ұғымға анықтама берді. Бұл – елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызмет. Әлеуметтік қамсыздандыру ісінде әлеуметтік кәсіпкерліктің бұл саласын белсенді дамытудың орны ерекше. Бүгінде Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлікке қажетті ауқымды қолдау шараларын қабылдап жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында қаржылай және қаржылық емес қолдау бар”, – деді Бауыржан Құдайбергенов.

Ол биылғы ақпан айынан бастап әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұлттық жоба шеңберінде қолдау шаралары ұсынылып жатқанын жеткізді.

“Бұл тізімге кірген әлеуметтік кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алуға қол жеткізе алады. Оларға төмендетілген мөлшерлеме бойынша субсидия беріледі”, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Спикердің айтуынша, 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттарды ұсыну кезінде әлеуметтік кәсіпкерлер субъектілеріне бизнес жүргізу бойынша сервистік және кәсіпкерлерді ақпараттық-талдамалық қолдау, іскерлік байланыстар бойынша шаралар ұсынылады.

“Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік шаралардың ең аз жиынтығын қалыптастырды. Объективті түрде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына серпін беру үшін мемлекеттік құрылымдардың күш-жігері ғана емес, азаматтық сектордың қатысуы да талап етіледі”, – деп қосты Бауыржан Құдайбергенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу