Премьер-Министр Әлихан Смайылов Шымкентке жұмыс сапары барымен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Іскерлік кездесулері барысында әлемдік стандарттар бойынша барлық санаттағы қоймалар қызметін көрсететін заманауи көпфункционалды сауда-логистикалық орталыққа барды.
Премьер-Министр аталған орталықты одан әрі дамыту үшін оның аумағын 136 гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға елеулі үлес қосады.
Түсті металл концентратын алу үшін қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт – "Standard Steel KZ" ЖШС жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 4 600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын шығаруға қабілетті. Құрылыстың екінші кезеңі бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін, зауыт жыл сайын шамамен 20 900 тонна мырыш оксидін өндіре алады.
Үкімет басшысының айтуынша, өңір үшін және бүкіл Қазақстан үшін маңызды осы жоба өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы салдарынан түзілетін экологиялық зардаптарды азайту мақсатында іске асырылуда.
Дәрілік препараттардың 130-дан астам түрін өндіретін "Химфарм" АҚ ірі фармацевтикалық кәсіпорнының жұмысымен танысты. Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2023 жылы зауыттың ғылыми-зерттеу орталығын дамытуға және оны жаңғыртуға тағы $8,4 млн инвестиция салу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма бергенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет республикалық фармацевтикалық кластерді дамытуды ынталандыру үшін қолдаудың жекелеген тетіктерін қайта қарайды.
"ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС мұнай өңдеу зауытына барды.
Әлихан Смайылов елімізде мұнай өнімдерін тұтыну жыл сайын, әсіресе дала жұмыстары мен жылыту маусымы кезеңдерінде артып келе жатқанын атап өтті.
"Қазіргі уақытта қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6-дан 9 млн тоннаға дейін кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, қосымша қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді", - деді Үкімет басшысы.
Жылына шамамен 500 млн дана өнім шығаруға қабілетті "QazALPack" ЖШС алюминий банкаларын өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.
Премьер-Министр зауыттың Орталық Азия аумағындағы бірегей жоба екенін, ал өткізу нарығы ауқымды әрі перспективалы болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын өндіріс көлемін одан әрі арттыруы қажет.