"Алланы босатыңдар, орнына Жаратушы келді": Жанат Бақыт діни жазбалары үшін жазаланды

1423

Алайда ол  "параллель әлемдер" туралы толғаныстарын тоқтатар емес. 

"Алланы босатыңдар, орнына Жаратушы келді": Жанат Бақыт діни жазбалары үшін жазаланды Фото: aikyn.kz

Белгілі журналист, тележүргізуші Жанат Бақыт діни жазбалары үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысының Дін істері басқармасының мәліметінше, ведомствоға қала тұрғы шағымданған.

"Арызда әлеуметтік желіде танымал журналист желідегі парақшалары арқылы ислам дініне тіл тигізіп, барша мұсылмандардың, соның ішінде жеке діни сезіміне қорлық жасалғанын көрсеткен. Осы ретте басқарма тарапынан Instagram әлеуметтік желісіндегі @Zhanat Baqyt және @zhan_zhihany парақшалары Дін істері комитетіне дінтану сараптамасын жасауға жолдаған болатын", – деп хабарлады басқармада.

Сараптама қортындысы негізінде, бұл парақшаларда шынымен ислам сенімін ұстанатын азаматтардың діни сенімін қорлауға және өз кезегінде қоғамда түрлі діни талас-тартыстарға себеп болатын ақпараттар жарияланғаны анықталды.

"Қазіргі таңда Алматы облысы Талғар ауданының сотының шешімімен парақшалардың иесі кінәлі деп танылып айыппұл салынғанын хабарлаймыз", -  дейді Атырау облысының Дін істері басқармасының бас маманы Ерлан Ерғалиев.

Осылайша танымал журналистке 50 АЕК - 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Алдағы уақытта оның парақшалары да бұғатталуы мүмкін.

"Бұл парақшаларды бұғаттау үшін ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереміз", - дейді Атырау облысының Дін істері басқармасының бас маманы.

Алайда тележүргізушінің парақшасынан оның жазаланғаны байқалмайды. Жеке парақшасында әлі де "параллель әлемдер" туралы сөз қозғап, "портал ашып", тікелей эфирлер өткізуде.

Еске сала кетсек, биыл наурыз айында журналист Жанат Бақыт әлеуметтік желідегі парақшасында "Кенесарының басы табылған кезде қазақ оянады", "Портал ашылды", "Алланы босатыңдар, орнына Жаратушы келді", "Алаш зиялыларының рухы Жерге түсіп жатыр" деген мәлімдемелер жасап, көпшіліктің  түсініспеушілігін тудырды. Сондай-ақ, ол болашақта Қазақстанның атауы Алаш болып өзгеретінін де айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу