Алдағы құрылыс маусымында жолшылар реконструкциялау учаскелерінің бірқатарында қозғалысты ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы республикалық маңызы бар "Ұзынағаш – Отар" тас жолының 63-101 км учаскесі бар. Аталған тас жол "Алматы – Бішкек" халықаралық көлік дәлізінің бөлігі, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 96 шақырым болатын бүткіл жол жобасы Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан 3 учаскеге бөлінген.
63-101 км учаскесінде мердігер ұйым "Казахдорстрой" ЖШС негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізген. Шаралар толықтай биыл аяқталады деп көзделіп отыр. Ал 101-143 шақырымдағы реконструкциялау учаскесіндегі жаңа мердігерді анықтау үшін тендер өткізіледі деп күтілуде. Үшінші учаскені жаңарту былтыр аяқталған болатын. 143-159 шақырымдағы жол учаскесінде қозғалыс толықтай ашылды. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін пайдаланушылар тас жолдың жаңартылған 58 шақырымымен жүре алады.
Жоба толығымен аяқталған соң, "Ұзынағаш – Отар" автожолы 4 жолақты, 1 категорияға сәйкес келетін болады. Бұл жолдағы уақытты едәуір қысқартып, екі ел арасындағы көлік ағынының кеңеюіне ықпал етеді.