Алматы құтқарушылары жыл басынан бері 16 мыңнан астам шақыртуға барған

727

Мамандар қала тұрғындарына таудағы қауіпсіздік шаралары бойынша ұсыныстар айтты.

Алматы құтқарушылары жыл басынан бері 16 мыңнан астам шақыртуға барған

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласының Құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаев таулы және жаяу жүру бағыттарындағы қауіпсіздік ережелері туралы сөз қозғады. Оның сөзінше, туристер тауға алғаш шығар кезінде өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламайтын көрінеді. Сондықтан кейін қиындықтарға тап болып, мамандар көмегіне жүгінеді. 

"Тауға саяхат кезінде туристердің жиі жасайтын қателігі – жоспар мен маршрутты құрмау. Әрқашан жоспар құрып, қозғалыс бағытын білу керек. Екінші қателік – өз мүмкіндіктерін асыра бағалау. Көптеген туристер белгілі бір қашықтықты жүріп өтемін деп ойлайды.  Діттеген жерге жеткеннен кейін олардың енді кері қайтарға  күші  қалмайды. Сіз әрқашан өз күшіңізді ескеруіңіз керек. Сондай-ақ көптеген адамдар ауа райы туралы ескертулерді елемейді. Өз туыстарыңызға олардың бағыты, уақыты, сізбен бірге қанша адам бар екендігі туралы ескерту қажет. Маршрутқа тыйым салынған жерлерге бармау керек. Ондай аумақта көшкін қаупі жоғары болуы мүмкін", – деді Ержан Қаңлыбаев.

Бұл ретте мамандар таулы жерлерге бару маршруты мен күніне байланысты ауыз судың, тамақ өнімдерінің жеткілікті қоры болуы қажет екенін ескертеді. Сонымен қатар созылмалы аурулары, буын аурулары және т.б. бар адамдарға тауға барудан бас тарту, демалудың басқа түрлерін таңдау ұсынылады. 

"Құтқарушылар таулы жерлерге шыққан кезде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғанына куә болған. Балалар таулы өзендерде шомылып, суға батқан жағдайлар болды. Ата-аналар мұқият болуы керек. Балаларды қараусыз қалдырмауы керек. Олардың іс-әрекеттерін бақылау қажет", – деді Ержан Қаңлыбаев. 

Брифинг барысында құтқару бөлімшесінің басшысы Сергей Толкунов турист жолынан адасып кетсе, өзін қалай ұстау керектігі және құтқару туралы сөз қозғады.

"Ең алдымен 112 нөміріне қоңырау шалып, маршрутыңыз туралы, қай жерде екеніңізді және  қанша уақытта көтерілгендігіңіз туралы хабарлауыңыз керек. Сіз қайда, қайдан және қалай барғаныңыз туралы толық ақпарат беруіңіз керек. Тұрған жеріңізді сипаттаңыз. Ұялы телефондарда геолокация режимі бар, бұл деректер құтқарушыларға хабарлануы керек. Сондай-ақ сіз киген киіміңіз туралы, қанша адам екеніңізді хабарлауыңыз шарт. Ақпаратты жедел беру қажет", – деді ол.

Қаланың Құтқару қызметінің хабарлауынша, 2020 жылғы 1 қаңтар мен 13 қазан аралығында бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарынан 125764 өтініш түскен. 

Жыл басынан бері мамандар 16 658 рет шақыртуға барып, қаншама адамның өмірін құтқарып қалған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу