Алматы МӘМС жүйесін енгізуге дайын ба?

1560

Бүгінгі таңда Алматыда медициналық қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 257 медициналық мекеме бар.    

Алматы МӘМС жүйесін енгізуге дайын ба?

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен және ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың қатысуымен  өткен өңірлік штаб отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар талқыланды, деп хабарлайды ведмствоның баспасөз қызметі.

МӘМС толық іске қосылуына екі ай қалды, осы уақыт аралығында қала тұрғындарын толық қамту, барлық медициналық мекемелердің ақпараттық жүйелерін біріктіру, алматылықтардың мәртебесін анықтау мәселелерін шешу қажет.

"Қаланың әрбір тұрғыны МӘМС жайлы  хабардар болуы тиіс. Сондай-ақ, ешкім медициналық көмектен тыс қалмауы үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар, жұмыссыз адамдардың мәслесімен айналысу қажет. Қалған уақытта медқызметкер және емханалармен жұмысты күшейту керек", – деді Бақытжан Сағынтаев.

2020 жылы міндетті сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есе артады. Бұл Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Атап айтқанда, қалпына келтіруге бағытталған ем-дом мен паллиативтік көмекке жұмсалатын қаржы көлемі 7,5 есе, консультативтік-диагностикалық көмек – 6,7 есе, стационарды алмастыратын көмекке жұмсалатын қаржы – 2,3 есе артады", – деді Е. Біртанов.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Алматы тұрғындарының 95,7% сақтандыру жүйесімен қамтылған (халықтың кем дегенде 80% қамтылуы тиіс). Қалған тұрғындар өз бетінше жарна төлеп медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады.

Қаланың МӘМС жүйесін енгізуге техникалық дайындығы жоғары деңгейде деуге болады: Алматыдағы барлық медицина ұйым компьютермен жабдықталған, мемлекеттік емдеу мекемелері толығымен қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. Бүгінде жеке меншік клиникаларда ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі 66% құрап отыр және алдағы уақытта бұл көрсеткіш едәуір артады деген болжам бар.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. Нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылды.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді енгізу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Бәсекелестікті дамыту және жеке секторды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге тарту арқылы халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуда", – деді Е. Бабақұмаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу