Алматы мейрамханаларының иелері карантин кезінде нақты талаптар бекітуді сұрады

629

 Алматы қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы алаңында қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлердің, Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов және басқарма басшысы Еркебұлан Оразалиннің кездесуі өтті.  

Алматы мейрамханаларының иелері карантин кезінде нақты талаптар бекітуді сұрады

Жиында кәсіпкерлер тарапынан "Атамекен" ведомствоаралық комиссияға қарауға жіберетін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы туралы ұсыныстары айтылды.

Бизнес иелері өздерін мазалап отырған мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен, караоке, бильярд залдардың иелері сегіз айдан бері жабылып тұрғандығын, жалдау қарыздары көбейіп кеткенін алға тартты. Ал рестораторлар үнемі өзгеріп отыратын шектеулер салдарынан уақыт бойынша қатаң шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр екендіктерін, нәтижесінде түсетін пайда шығындарды өтемейтіндігін, жағдай өзгермесе, мыңдаған қызметкерлер көшеде қалатынын жеткізді.

"Мұның барлығы бейбіт жолмен шешілуі қажет. Біз қауымдастықпен бірге төтенше жағдай мен карантин уақытында өз тарапымыздан барлық мүмкіндіктерді жасадық. Біз бәріміз вирустан қорықтық, ауырып қалудан қорықтық, оның тезірек аяқталғанын қалаймыз. Бұл жағдайды екі айға ғана жалғасады және кейін бұрынғы өмірімізге қайта ораламыз деп ойладық. Сондықтан да дәрігерлерге көмектесу керек деп шешіп, 1300 дәрігерді екі жарым ай бойы тамақтандырдық. Енді біздің өзімізге көмек керек", – деді Қазақстан рестораторлары қауымдастығының төрайымы Гүлнара Катибаева.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов бизнес иелерінің барлық ұсыныстары үкіметке жолданғанын айтады.

"Атамекен" өз кезегінде пандемияның алғашқы күндерінен бастап, Қазақстанның рестораторлар қауымдастығымен және осы саладағы жеке кәсіпкерлермен өзара байланыста жұмыс істеп келеді. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды үкіметке бірнеше рет жібердік, саланың түйіткілді мәселелері премьер-министрімен кездесулерде де айтылды", – деді Айтуар Қошмамбетов.

Жиын соңында кәсіпкерлер құзырлы орган өкілдеріне бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Олардың ішінде күшейтілген санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тыйым салынған қызмет түрлерін (боулингтер, бильярд бөлмелері, караоке, банкет залдары) ашу, қонақтар саны бойынша шектеулерді мекеменің ауданына және отыратын орындар санына байланысты бекіту, санитар дәрігердің қаулыларына сай қызмет ету үшін оны алдын ала жариялау. Бұған қоса бизнес иелері қызметкерлер мен қонақтар үшін жоғары деңгейдегі қорғаныс шараларын қолдана отырып, мекемелерге қатысты шектеу шараларын жеңілдетуді сұрады. Ол үшін бақылау парағын жасап, осы шарттарды орындауға дайын ұйымның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Сонымен қатар олар әр түрлі  мекемелер үшін сараланған жұмыс кестесін құрастыру керек екенін айтады.

"Бизнес тарапынан айтылған барлық ұсыныстарды тыңдадым. Қазір сіздер қауымдастық пен кәсіпкерлер палатасының айналасына топтасып, ұсыныстарыңызды жинап, оларды республикалық палатаға жіберулеріңіз қажет, ал олар өз тараптарынан үкіметке жеткізіп, оларды қайта қарайтын болады", – деді Жандарбек Бекшин.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу