Еске сала кетсек, Панфилов ауданында болған дала өрті кезінде 7 адам зардап шегіп, 3 адам мерт болған еді. Бүгін Алматы облысының әкімдігі зардап шеккендердің денсаулық жағдайы жайлы хабарлады.
"Кеше Панфилов аудандық орталық ауруханаға 7 адам жеткізілген. Оның 5-еуі амбулаториялық ем алу үшін үйіне қайтарылды, екеуі ауруханада. Біреуі – жансақтау бөлімінде, екіншісі – хирургиялық бөлімде. Олардың жағдайы бірқалыпты", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар қаза болған үш азаматты жерлеуге көмек көрсетілетіні айтылған.
"Мерт болғандардың екеуі бүгін, үшіншісі ертең жерленеді. Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша олардың отбасыларына барлық қажетті көмектер көрсетілетін болады. Қаза боғандар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Сондай-ақ, қаза болғандардың бірі 1984 жылы туған азаматтың отбасына мемлекеттік қордан тұрғын үй беріледі", – деді баспасөз қызметі.