Желі қолданушылары жануардың аптап ыстықтағы жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпаратқа" сілтеме жасап.
Автор видеоны 11 маусым күні Алматыда ауа температурасы шамамен 30 градус ыстық болған кезде түсірген. Ол ақ аюлардың Арктика жағдайына бейімделген жануарлар екенін айтып, қоршаудағы салқындату жүйесінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген.
Зообақтың хабарлауынша, жануар мамандар мен ветеринарлық қызметтің тұрақты бақылауында. Пурга үшін барлық қажетті жағдай жасалған: қоршауда салқын суы үздіксіз айналып тұратын екі бассейн бар, арнайы салқындату жүйесімен жабдықталған ін-үйшігі жұмыс істейді, сондай-ақ мұз бен қар генераторлары пайдаланылады.
Ақ аюлардың күн ыстықта қозғалыссыз демалып жатуы қалыпты және Пурганың мінез-құлқы физиологиялық нормаға толық сәйкес келетінін түсіндірді.
"Аю қоршаудың ашық және жабық бөліктеріне еркін кіріп-шыға алады және өзіне қолайлы орынды өзі таңдайды", – деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында келушілердің бірі арыстанға тас лақтырғанын жазған болатынбыз. Азаматша жауапқа тартылуы мүмкін.