Алматыда 1,5 мыңға жуық жедел сатының пайдалану уақыты мерзімінен асып кеткен. Көбінің қызмет етіп тұрғанына 30 жылға таяп қалған деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың сөзінше, жабдықтарын қайта жөндеуге келмейді. Өйткені өткен ғасырда құрастырылған лифттердің қосалқы бөлшектері қазір шығарылмайды да, сатылмайды да.
"Тұрғындар көбіне жедел сатылардың сыртына қарап, бәрі жақсы екен деп ойлайды. Кабинасы мен есігі бұзылмаса болды дейді. Алайда, лифтінің ең маңызды бөлігі – қозғалтқышы. Жыл сайын оны қарап, техникалық жөндеу жасап тұру керек. Шахтаның ішіне су кіруі мүмкін. Сонымен қатар, шаң басып, тростың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, біз белгілі уақытта жедел сатылардың жабдықтарын ауыстырып тұрамыз", – дейді "Алматылифт" ЖШС инженері Ермек Ықтымбаев.
Жаңа жедел сатының бағасы кем дегенде 6 миллион теңгеден басталады. Лифтілерді тұрғындар Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша сатып алуда.
"Төлем мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 жылға есептелген. Ешқандай пайызсыз 15 жыл, яғни 180 айға бөлінеді. Әр пәтердің шаршы метріне байланысты, ауданына байланысты төленеді", – дейді "Алматы тұрғын үй" ЖШС бөлім басшысы Қуаныш Сейітов.
Жалпы, 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Алматыда 298 үйдің 641 жедел сатысы жаңартылған. Оның құны шамамен 3,5 миллиард теңгеден асады.
Биыл Алматыда аталған бағдарлама бойынша 148 үйдің 300-ден астам жедел сатысы жаңаланбақ. Оның сомасы 2 миллиард теңгеден асып жығылады.