Қалада ауа температурасының көтерілуіне орай көше-жол желісін күтіп ұстау және қалалық аумақтарды қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" РМК мамандарының мәліметінше, кей жерлерде ауа температурасы +42 градусқа дейін жетіп, биылғы маусымда алғаш рет +40 градустан асып, климаттық нормадан жоғары болады.
Қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, осы кезеңде негізгі магистральдық көшелерде және адам көп жүретін учаскелерде жол жабынын суарып, ауаға су бүрку (аэрация) жұмыстарын жүргізетін 16 арнайы техника бағанасы жұмылдырылады. Жұмыстар тәуліктің ең ыстық уақытында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.
Сонымен қатар, көше-жол желісін күнделікті санитарлық күтіп ұстау жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта жолды, тротуарды, аялдама павильондарын және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарын жууға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
Аэрация және суару жұмыстары жол жабыны маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңның көтерілуін азайтуға, асфальттың қызып кетуінің алдын алуға және осындай аптап ыстық кезінде жол жабынына түсетін температуралық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Кеше шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскенін жазған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігі күннің астында ұзақ жүрмеуге кеңес береді.