Алты көлік бірден соқтығысып, соның салдарынан 8 адам зардап шекті. Олардың арасында 8 жасар бала бар. Ал апатқа ұшыраған машиналардың бесеуі жеңіл көлік болса, біреуі – автобус, деп хабарлайды КТК.
Рысқұлов даңғылымен батысқа бет алып бара жатқан ВМW бір көлікпен соғысып, содан кейін жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сөйтіп қарама- қарсы келе жатқан Toyota және "Лиаз" автобусын барып соғады. Бұған қоса ВМW тағы екі "Тойотаны" қаққан.
Қазір Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Ал жол апатынан зардап шеккендер тиісті ем-дом алуда.
"Жол көлік оқиғадан біздің ауруханаға 4 науқас әкеліп жеткізілді. Екі ер адам, бір әйел адам, бір бала. Балаға жедел көмек көрсетіліп, балалар ауруханасына жеткізілді. Екі ер адам тексеріліп, көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емге жолданды. Әйел науқас әрі қарай біздің ауруханада ем алуда. Жағдайы орташа ауыр. Тұрақты. Өміріне қауіп жоқ",– дейді Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бөлім басшысы Дәурен Түсіпов.