Алматы әкімдігінде мектеп директорларымен кеңесі өтті, онда білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Данияр Таумұрат өзінің сөзінде білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды белсенді түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
"Қазірдің өзінде жұртшылық мектепті жөндеу, тазалау немесе басқа да шараларға ақша жинау фактілерінің орын алатыны туралы хабарлап жатады. Біз мұндай істерге ата-аналар шығынданбаулары тиіс деген сенімдеміз, өйткені барлық қажеттіліктер үшін бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінеді. Сыбайластыққа қарсы күрестің ұтымды жолы – цифрландыру, мұнда мемлекеттік қызмет көрсету процессінде шешім қабылдау үшін адами фактор жойылады. Білім басқармасы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруда, өткен жылдан бастап "Алматы мектеп" бағдарламасы жұмыс істей бастады, биылғы жылы бала бақшаларға кезекке қою бағдарламасы қолға алынады", - деді Данияр Таумұрат.
Ол мектептерде ақша жинауға қатысты ақпараттардың барынша тексерілетінін, егер ондай келеңсіздіктер расталатын болса тиісті құқықтық баға берілетінін айтты. Ақша жинау фактілеріне кінәлі жандарға қатаң шаралар қолданылады, тіпті сыбайластыққа қарсы күрес заңнамасына сай қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
"Педагогтардың басты міндеті – балаларды оқыту мен тәрбиелеу. Қазіргі кезде ата-аналардан оқу орындарын жөндеуге, түрлі заттар алуға қатысты ақша жинауға еш негіз жоқ. Өкініштісі, кейбіреулер өздерінің мемлекеттік секторда қызмет ететінін ұмытып кететін сияқты. Мемлекеттік білім мекемелеріне тиесілінің барлығы – мемлекеттің меншігі, яғни салық төлеушілердікі", - деді қаланың білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова.
Ол өзінің сөзінде жыл сайын білім басқармасы ақша жинауға жол бермеу мақсатында әр мектепке "Білім мекемелерінде ақша жинауға тиым салынғаны туралы" хат жіберілетінін, оны орындау қаладағы білім ұйымдарының бірінші басшыларына жүктелетінін айтты. Тек 2018 жылы 7 мектеп директорлары қызметтерінен босатылған.
Айта кетсек, Алматыда соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру 27 млрд теңгеге өскен.