Алматыда балмұздақ шығаратын зауыттың алты жұмысшысы аммиактан уланған

1144

Ауысым кезінде өндірілген өнімдер сатылымнан алынды, деп хабарлады компания.

Алматыда балмұздақ шығаратын зауыттың алты жұмысшысы аммиактан уланған Фото: tengrinews.kz

Алматыдағы "Шин-Лайн" балмұздақ зауытында техникалық ақау салдарынан аммиак ағып, алты адам зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Shin-Line сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 7 маусым күні сағат 03:55-те Алматыдағы өндіріс орнында техникалық ақау орын алған.

"Алдын ала қорытынды бойынша, мұздатқыш баллонның артқы жағындағы резеңке тығыздағыштың зауыттық ақауы салдарынан 500 грамм аммиак ағып кеткен. Ақау 10 минуттың ішінде ретке келтірілген", – деп жазылған хабарламада.

Қауіпсіздік мақсатында кәсіпорын қызметкерлері дереу эвакуацияланып, барлық қадағалау қызметтері мен экологиялық сараптама жүргізген мамандар оқиға орнына жұмылдырылды.

"Оқиға салдарынан кәсіпорынның 6 қызметкері зардап шекті. Олар ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жатқызылған қызметкерлердің барлығының жағдайы қазір қанағаттанарлық деп бағаланып отыр", – деп хабарлады мекеме.
  

Кәсіпорынның дерегінше қазіргі уақытта анықталған техникалық ақау толығымен жойылды.
  
Сондай-ақ өндіріс орны жабдық, материалдар мен қосалқы бөлшектер ресми жеткізушілерден сатып алынатынын және қажетті сәйкестік сертификаттары бар екенін мәлімдеді.  

"Жабдық 2022 жылдың 1 маусымында тексеріліп, сертификатталды. Себептері түпкілікті нақтыланғаннан кейін компания анықталған ақау фактісі бойынша ресми жеткізушілерге хабарласпақ", – деп жазылған ақпаратта.
         

Ал осы ауысымда өндірілген өнімдердің барлығы сатылымнан алынды. 

Еске сала кетсек, Shin-Line балмұздақ компаниясы 1995 жылы шағын отбасылық бизнес ретінде құрылған. 20 жылдан кейін бұл өнімді Орталық Азиядағы ең ірі өндіруші және қазақстандық балмұздақтарды сыртқы нарыққа бірінші экспорттаушы болды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу