Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй 12 млрд теңгеге сатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қонақ үй Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Досмухамедов көшесінде орналасқан. Бастапқы баға 38 млрд теңге деп белгіленген. e-qazyna.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, нысан 12 млрд теңгеге, яғни бастапқы бағадан 3 есе арзанға сатылған.
"Жалпы алаңы 16 196,4 шаршы метрді құрайтын, кадастрлық нөмірі 20:311:015:130:1/А қонақ үй кешенінің ғимараты ауданы 0,2581 га (үлесі – 0,2558 га), кадастрлық нөмірі 20:311:015:130 жер учаскесінде орналасқан. Тұрақты ортақ үлестік жер пайдалану құқығындағы жер учаскесі жекешелендіру объектісінің құрамына кірмейді және жекешелендіру объектісінің бағалау құнына енгізілмеген", – делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұған дейін Алматыда Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған қонақ үй аукционға қойылғанын жазғанбыз. Аукцион 25 қыркүйекте өтті, алайда нысанның сол уақытта жаңа иесі табылмады.
11 қабаттан тұратын қонақ үй кешенінде 112 бөлме бар. Бұдан бөлек кешенге spa-орталық, бассейн, ресторан, жаттығу залы, хаммам, үлкен банкет залы да кіреді.