Алматыда мас жүргізуші полиция қызметкерін қағып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Боран-227 патрульдік экипажы Қабанбай батыр көшесінде қызмет атқару кезінде қарама-қарсы бағыттағы жолаққа шыққан Hyundai автокөлігін байқаған. Полиция қызметкерлерінің талаптарына көлік жүргізушісі мән бермей, олардан қаша бастаған. Бірден радиостанция арқылы патрульдік жасақтарға көрсетілген көлікке бағдар берілді және оның қозғалысының координаттары дереу таратылды. Талғар қаласының бағытындағы экологиялық постта қызмет етіп тұрған полиция аға лейтенанты Мейіржан Бисембаев құқық бұзушыны тоқтатуға тырысты. Алайда күдікті тоқтамастан, инспекторды толық жылдамдықпен қағып кетті. Полицейдің екі аяғы сынып, ішкі ағзалары зақымдалған, бас сүйегінің жабық жарақатын алған. Полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды. Hyundai жүргізушісі ұсталды", – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров.
Құқық бұзушы – 1962 жылы туған У. есімді азамат. Оның көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Бұл факт ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.