Оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруінің маңызды факторы – жол қауіпсіздігі. Өткен жылы қала жолдарында 3826 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 96 адам қаза тауып, тағы 4364 адам жарақат алған.
"ЖКО, жол-көлік жарақаттары мен өлім-жітім санын азайту мақсатында біз жол-көлік оқиғаларына талдау жүргізіп жатырмыз, оның негізінде қауіпті аумақтарда патрульдеу күшейтіліп, жол жағдайын жақсартуға нұсқамалар жасалуда, оның ішінде бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін, жарықтандыруды орнату. Жол қозғалысы ережесін бұзушыларды жауапкершілікке тарту да тиімді алдын алу шараларының бірі саналады. Өткен жылы 1 348 981 жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Мас күйінде көлік жүргізген 2225 адам ұсталды", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Сондай-ақ сот шешімімен 3 254 жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
2212 көлік жүргізушісі әкімшілік қамауға алынды. Қала жолдарында 590 бағдаршам, 45379 жол белгісі орнатылған. Қала бойынша 1918 жаяу жүргіншілер өткелі ұйымдастырылды.