Алматыда су басу қаупі бар 102 аумақ анықталды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Алмат Жаныспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Алматыда су басу қаупі бар 102 аумақ анықталды Фото: dknews.kz

"Жүйелі мониторингті ұйымдастыру және су тасқынының салдарын алдын алу және су басу зардаптарын жою шараларын әзірлеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп комиссиялық зерттеу жүргізіліп, оның барысында су басу қаупі бар 102 аумақ анықталды", – деді спикер.

Бүгінгі таңда 62 мекенжайда канал желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары аяқталды.

"Бұл 49 учаскедегі қауіп-қатерді жоюға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 7 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, олар осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқталады", - деді басқарма басшысы.

Алматыда 2021 жылы "Су тасқынына қарсы 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар кешені" республикалық жол картасы бекітілген, оған сәйкес Алматыда 4 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күні Кіші Алматы, Тіксай, Есентай және Жарбұлақ өзендері арналарының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Айта кетерлігі, Алматы қаласында Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының бақылауында 39 гидротехникалық нысан бар. ТЖД мен "Казселденқорғау" мекемесінің қызметкерлері күн сайын қаланың барлық аудандарындағы су қоймаларына, өзен арналарына бақылау жүргізеді. Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойында жылжымалы посттар орнатылған.

Қазіргі таңда аудан әкімдіктері арықтар мен өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асады. Бүгінгі таңда 460 шақырымнан астам жер тазартылды.

"2023 жылғы су тасқыны кезеңінде Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен Алматы қаласының азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының жалпы саны 1609 адам бар, әртүрлі мақсаттағы 618 бірлік техника, 85 мотопомпа, сонымен қатар 99 бірлік автономды электр стансалары бар", - деп толықтырды Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Қалалық азаматтық қорғау қызметтеріне 13 700 қап пен 590 тонна инертті материал сатып алынды. Наурыз айында қалада "Көктем-2023" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Осы оқу-жаттығулар аясында қаланың өзендер мен арна жүйелерін қар мен қоқыстан тазарту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу