Алматы тауларына шыққан вьетнамдық турист жүрген жолынан адасып, төмен түсе алмай қалды. Шетел азаматын іздеуге ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жұмылдырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Нақты мәліметке сүйенсек, шетелдік азамат теңіз деңгейінен 2510 м биіктікте тауға көтеріліп, адасқан.
Құтқарушылар Үлкен Алматы көлі ауданына Шүкір асуы бағытына 5 км жүріп өтіп, адасқан туристі тапты. Оған медициналық көмек қажет емес еді. Іздеу жұмысына кинологиялық есеп және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды.
Құтқарушылардың кәсібилігі мен қамқорлығына турист дән риза болды.
"ҚР ТЖМ құтқарушыларына алғысым шексіз. Мен өте ризамын", – деп алғысын білдірді.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрінің бастамасымен Медеу шатқалында бақылау-құтқару бекеті жақында іске қосылды. 24 сағат жұмыс істейтін бекет жедел әрекет ету үшін қажетті барлық заттармен, соның ішінде арнайы техникамен, жабдықтармен және байланыс құралдарымен жарақталған.