Алматының "Самғау" ықшам ауданында Ұлттық ұланның заманауи әскери қалашығы бой көтереді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауқымды нысан шамамен 27 гектар аумақты қамтиды. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Нысанның құрылыс барысын Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков тексерді. Ол жұмыс барысымен танысып, негізгі нысандардың құрылысына басымдық беріліп жатқанын атап өтті.
Жаңа әскери қалашықта әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер, әскери техникаларға арналған тұрақтар және қажетті қоймалар салынады. Сондай-ақ аумақта қызметтік иттерді ұстау және үйретуге арналған кинологиялық қалашық қарастырылған.
Бұдан бөлек, инженерлік құрылыстар мен қажетті коммуникациялар жүргізіледі. Яғни кешен әскери қызметшілердің қызмет атқаруына, тұруына және күнделікті міндеттерін орындауына қажетті толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Жоспарға сәйкес, Алматыдағы жаңа әскери қалашықтың құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ұлттық ұланның материалдық-техникалық базасын нығайтып, әскери қызметшілерге заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.