2 шілдеге қараған түні салынып жатқан BRT желісінде жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипедтің қатысуымен адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан курьер болып қызмет ететін 2004 жылғы жас жігіт оқиға орнында көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, апат Өтеген батыр мен Емцов көшелерінің арасындағы салынып жатқан жол учаскесінде болған.
Электрлі велосипед жүргізушісі апаттан ауыр жарақат алып, жедел медициналық көмек бригадасы келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болды.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі өзі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта арнайы жарық шамдарын (маяк) қосып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі бастапқыда жолақтың ортасымен қозғалып келе жатқан, кейін кенеттен қарсы бағытқа қарай бұрылған.
Сондай-ақ бұл учаскеде қажетті жол белгілері орнатылмаған, ал жолдағы ескі таңбалар BRT құрылысы басталғаннан бері жаңартылмаған. Соның салдарынан құрылыс аумағында көлік қозғалысының нақты бағыттарын анықтау қиынға соғып отыр.
Жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайы мен қай тараптың кінәлі екені құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу барысында анықталады.