Әлеуметтік желіде жүргізушісі жоқ автобустың өздігінен артқа қарай жүріп кетіп, жолдағы басқа көліктерге соқтығысқаны жайлы бейне жазба тарады.
Оқиға 6 қыркүйек сағат 12:50 шамасында Алматыда болған. №79-шы бағыттағы автобус Абай даңғылы мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысына жақын маңда жол жиегінде тұрған. Кейін өздігінен арқа жүріп, төрт көлікті соққан. Бұл сәтте автобустың жүргізушісі сыртта болған. Оқиға орнынан түсірілген видео Instagram желісінде жарияланды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, KIA маркалы көлікте отырған жолаушы жарақаттанған.
"Бұл фактіні Бостандық ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері назарға алды. Мән-жай анықталып жатыр", - деп хабарлады Алматы қалалық полициясының баспасөз қызметі.