Алматыдағы мектептер, балабақшалар және ЖОО-лар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2024 жылы 4 наурыз күні сағат 11:22-де Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. Менің басшылығыммен сағат 11:30-да Алматы қалалық Төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабы жұмысын бастады. Барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету обьектілері кешенді штаттық режимде жұмыс істеді, бүгін де жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел штабтың шешімі бойынша сағат 11:40-тан бастап қалада бекітілген 384 қабылдау пункті орны орналастырылды. Сағат 15:00-ге дейін қабылдау пункттерінде 1962 адам, оның ішінде 714 бала келді. Сағат 16:00-ден бастап жедел штаб хабарламадан кейін қабылдаудағы адамдар үйлеріне орала бастады. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша қаладағы 242 тұрғын, оның ішінде 93 бала түнеп қалды", - деді қала басшысы.
Оның айтуынша, 5 наурыз күні таңертең сағат 08:00-де барлық тұрғын қабылдау пункттерінен кетті.
Алматыдағы мектептер, балабақшалар және ЖОО-лар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Азаматтарды жинау пунктерінің жұмысын қамтамасыз етуге аудан әкімдері мен құтқару қызметі тартылды. Келген қала тұрғындары керек-жарақтармен, сусынмен және тамақпен қамтамасыз етілді. Барлық қабылдау пунктінде полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылды. 4 наурыз сағат 11:24-те қаладағы метрополитен станцияларда барлық жылжымалы құрам тоқтатылды. Мамандар тунельдерді тексеру бойынша жұмыстарды жүргізді. Оның барысында метро аймағында зақым тіркелмеді. Сағат 16:30-да Алматы метрополитен өз жұмысын штаттық режимде қайта бастады", - деп жалғастырды Досаевв.
4 наурыз сағат 12:30-дан бастап зардап шеккен бір адам қалалық стационарға жеткізілген.
"Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институты және қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары қаладағы барлық қоғамдық ғимаратты және өтініштер бойынша басқа да нысандарды тексерді", - деді Алматы қаласының әкімі.
Айта кету керек, осыған дейін Төтенше жағдайра министрі Шыңғыс Әрінов Алматыдағы сейсмикалық жағдайға тоқталған болатын.