Алматыдағы Орталық қалалық аурухананың бас дәрігері қызметінен кетті

860

Медициналық мекеме басшысының міндетін Марат Абдуллаев атқарады. 

Алматыдағы Орталық қалалық аурухананың бас дәрігері қызметінен кетті

Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметінен кетті. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. 

"14 сәуірде келіп түскен өтінішке байланысты Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының бұйрығымен Орталық қалалық клиникалық аурухананың жетекшісі Джувашев Алмас  қызметінен босатылды. Медициналық мекеме басшысының міндетін  бүгінгі таңда Абдуллаев Марат атқарады", – деп жазылған хабарламада. 

Бұған дейін бір күнде аталған мекеменің 110 медициналық қызметкерінің инфекция жұқтырғаны анықталған.  Сонымен қатар желіде "Көктем" шипажайындағы провизорлық стационарда жатқан аурухана мамандары басшылары Джувашев Алмасты қызметінен босатпау туралы мәлімдеме жасаған бейнежазба тараған. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің желідегі парақшасында медицина қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізілетінін хабарлады. 

"Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана коронавирустық инфекцияның індет ошағына айналуына байланысты: қазір менің тапсырмам бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров пен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысымен "Көктем" шипажайында карантинде жатқан аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізеді", – деп жазды министр. 

Кейін Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров алматылық дәрігерлермен кездесу ұйымдастырылып, мәселенің мән-жайы анықталғанын желідегі парақшасында хабарлады.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу