30 қарашада Алматыдағы жатақханада өрттен қаза тапқан 13 адамның барлығының жеке басы анықталды. Төтенше жағдай құрбандарының арасында тоғыз қазақстандық пен төрт шетел азаматы бар. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Қайтыс болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер, олардың арасында екеуі Ресей және қалған екеуі Өзбекстан азаматтары. Ал қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. Сондай-ақ, осы жағдай бойынша сот-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалды", - делінген полиция хабарламасында.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы қаласы ТЖД өрттің осы фактісі бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелгенін жазған болатынбыз.