Алматыдағы жол апаты: марқұмның әкесі айыпталушыдан 100 млн теңге өндіруді талап етті

415

Сотта азаматтық талап-арыз оқылды.  

Алматыдағы жол апаты: марқұмның әкесі айыпталушыдан 100 млн теңге өндіруді талап етті Фото: informburo.kz

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шүтенов моральдық зиянға қатысты азаматтық талап-арыз түсірді. Оның өкілі Азаматтық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сілтеме жасаған. Марқұмның әкесі қылмыстық іс аясында азаматтық талап қоюға құқылы екендігі айтылған. Талап-арызда Томирис Шүтеновтің жалғыз қызы болғаны да көрсетілген. Ол 20 жыл бойы қызының тәрбиесіне, бағып-қағуына және білім алуына атсалысып, оған қамқорлық жасап, қолдау көрсеткенін айтады. 

"Мен үшін Томирис қызым ғана емес, өмірімнің мәні, үмітім, мақтанышым болды", – делінген талап-арызда.

Сондай-ақ талап-арызда өтемақы мөлшері оқиғаның ауыр салдарынан, моральдық азаптың ерекше сипатына және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қажеттілігіне байланысты екені жазылған.

"Ешқандай ақша қызымды қайтара алмайды, бұрынғы өмірімді қалпына келтіре алмайды әрі оның қазасынан кейінгі жан күйзелісімді өтей алмайды", – делінген арызда.

Рүстембек Шүтенов айыпталушы Александр Пактан 100 млн теңге моральдық өтемақы өндіруді және азаматтық талапты үкіммен бірге қарауды сұрады. Прокурор талап-арызды қанағаттандыруды өтінді. Ал қорғаушы тарап өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Судья азаматтық талап қаралатынын жеткізді.

Тағы бір басылымның жазуынша, талап-арызда бұрын мұсылман дәстүрі бойынша адам өлімінің құны үшін өтемақы 100 түйе болғаны айтылған. 

Айта кету керек, бұған дейін  Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі сотта сөз сөйлегенін жазғанбыз. Прокурор айыпталушыны 10 жылға соттауды сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу