Алматыдан күніне 550 мың тоннадай қалдық шығарылады

740

Алматыдан күніне 550 мың тоннадай қалдық шығарылады

Алматыда биыл қоқыс өңдеу кешенін іске қосу жоспарланған. Бұл туралы нысанның құрылысын салып жатқан компания өкілдері айтты, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Алматыда араға он жыл салып қоқыс өңдейтін зауыт қайта бой көтереді. Кешеннің жобасын мамандар 2016 жылы қала әкімінің алдында қорғап шыққан. Жеке инвестор құрылысты былтыр жазда бастау керек болатын. Оған қажетті  5 млрд теңге қаржы да бар екен. Бірақ жер мәселесіне қатысты шикіліктер кедергі болып тұр. Алатау ауданындағы 2 ЖЭО кешені маңынан бөлінген 7 гектар аумақтың құжаттарын рәсімдеуге біраз уақыт кеткен. 

"Жер қатынастары басқармасымен ұзақ уақыт келіссөз жүргіздік. Жер телімінің мақсатты пайдалануын ауыстыру үшін, кадастрлық бағамен қосымша қаржы шығындадық. Ол жобаның тағы қымбаттауына соқтырды. Енді құрылыс бастауға кедергі көріп тұрған жоқпын. Уақыт та қысып барады, осы жазда зауытты іске қосуымыз керек. Қазір мұнда қазба жұмыстары басталған. Кәсіпорынның іргетасын құю үшін, қалыптар дайындалып, ақпанның 5-інен бастап бетон әкелінеді. Бұл жерде ұзындығы 250, ал ені 50 метрлік ғимарат бой көтермек", - дейді "GREEN RECYCLE" ЖШС директоры Дмитрий Данильченко.

Жобалаушылар тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдемес бұрын, оларды пластик, қағаз, метал, ағаш және әйнек сияқты 14 түрге сұрыптап, шикізат ретінде жинамақ. Қайта өңдеуге арналған италиялық қондырғылар орнату жоспарда бар. Инвесторлар жақын күндері еуропалық технологиямен жұмыс істейтін бұйымдарды жеткізбекші.

Алматыдан күніне 550 мың тоннадай қалдық шығарылады. Қала тұрғындары қоқыс үшін адам басына 370 теңге төлеп отыр. "Тәртіп" кәсіпорнының мәліметінше, егер қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылса, тариф шамамен 40 пайызға қымбаттауы мүмкін. Яғни 150 теңгедей қосылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу