Алматылық кәсіпкерлер "арзан несие" ала алмай отыр

868

2020 жылы коронавирус пандемиясы кәсіпорындардың жұмысын тұралатып тастаған. Бір жылда алматылық шағын бизнес өкілдерінің қарызы 326,3 млрд теңгеге өскен.

Алматылық кәсіпкерлер "арзан несие" ала алмай отыр

Алматыда жұмыс істемейтін шағын кәсіпорындар саны артып, кәсіпкерлер "арзан несие" ала алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Өткен жылы аймақтағы іскерлік белсенділік индексі 50-ден төмен болған. Бұл теріс мәнге ие. Тек 2021 жылдың ақпанында индекс көрсеткіші 50-ден асқан. Болжамға сәйкес, наурызда Алматыдағы карантин талабының күшеюіне байланысты индекс тағы да теріс мәнге ие болған.

Алматыда уақытша белсенді емес шағын кәсіпорындар саны артып жатыр. 
Наурызда олардың саны 23,9%-ға, ал бір жылда мұндай кәсіпорындардың саны 4,5 мың артқан. Кәсіпкерлер карантин шектеулеріне байланысты қызметін тоқтауға, тіпті нарықтан кетуге мәжбүр. 

Сондай-ақ коронивирус басталғанға дейін бизнес ашу, оны дамыту бойынша әкімшілік кедергілер болған. Мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет көрсететін қолдау шаралары туралы ақпараттың болмауы, кәсіпті жүргізуде дағдының төмен болуы және тағы басқа себептер кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізген.

Сонымен қатар, бизнесті жүргізудегі басты кедергінің бірі – қаржыландырудың қолжетімді болмауы. Әсіресе, бұл қала шетіндегі стартап-жобаларға қатысты.

Бұл мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі "Almaty Finance" ЖШС және "Almaty" микроқаржы ұйымын құрды. Олар жұмыс істеп тұрған бизнеске де, стартап-жобаларға да жеңілдікпен кредит беретін болған. Яғни кәсіпкерлерге жылдық 2%-6% мөлшерлемемен қарыз беру қарастырылған. Бұл еліміздегі екінші деңгей банктердің (ЕДБ) талабымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.

2 жылда "Almaty Finance" компаниясы 8,3 млрд теңгеге тек 84 жобаны қаржыландырған. Дағдарыс жағдайында мұны айтарлықтай көмек деп айтуға келмейді. Себебі, қалада уақытша жұмысын тоқтатқан шағын кәсіпорындардың саны бір жылда 4,5 мыңға артқан. 

Әкімдік пен оның еншілес ұйымдары тарапынан тиісті қолдаудың жетіспеуіне байланысты Алматыдағы шағын бизнес өкілдері ЕДБ-дан "қымбат несие" алып жатыр. Кәсіпкерлер тарапынан сұраныс өте жоғары. Мәселен бір жылда Алматыдағы шағын бизнес өкілдерінің қарыз портфелі бірден 28,7%-ға немесе 326,3 млрд теңгеге өскен. 2021 жылдың қаңтар айының соңында бұл көрсеткіш 
1,5 трлн теңге болған.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу