Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен электрондық сауданы дамыту мәселесіне арналған кеңес өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қала бүгінде Қазақстандағы интернет сауданың 90%-дан астамын қамтып отыр. Мұнда 1500-ден астам белсенді электрондық сауда субъектісі тіркелген. Олар күнделікті тұтынатын тауарларды сату мен жеткізу, көлік қызметін ұсыну бағытында жұмыс істейді.
Қаланың логистика және қойма инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазірдің өзінде бірнеше тарату орталығы жұмыс істеп тұр, ал жаңа нысандардың құрылысы қарқын алған.
Алматыда шаһар базарларын жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. 59 базардың 41-і жаңартылып, цифрлық технология енгізіліп, интернет желісі тартылып, қолма-қол ақшасыз төлем аймақтары ұйымдастырылып отыр.
Кеңес соңында Дархан Сатыбалды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді, цифрландыру ісін кеңейтуді және онлайн платформалармен серіктестікті күшейтуді тапсырды.
2025 жылдың соңына дейін Алматыдағы электрондық бөлшек сауда көлемі 3,5 трлн теңгеге жетпек.