"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 3-4 ақпан күндері Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарлар – құлан, қарақұйрық және арқарға қысқы санақ жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған санақ – ұлттық парктің жыл бойы атқарған табиғатты қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстарының нақты нәтижесін көрсетеді.
Санақ жұмыстары 14 бағытта жүргізілді. Оның ішінде 11 бағыт автокөлікпен, ал 3 бағыт атпен ұйымдастырылды.
Айта кетейік, "Алтын-Емел" ұлттық паркінің аумағында тек тұяқты жануарлар ғана емес, сонымен қатар, қар барысы, сілеусін, аю, сабаншы, қасқыр, түлкі, Сібір тау ешкісі сияқты аң-құстардың көптеген түрі мекендейді.
Санақ жұмыстарының ақпан айында жүргізілуі кездейсоқ емес. Қыстың салқын мезгілінде жануарлар бір жерге шоғырланып жүретіндіктен, олардың нақты санын анықтауға қолайлы жағдай туады.