ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасына ұйымды құру және оны басқару фактісі бойынша тергеуді бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған "Amir Capital" компаниясы 3 жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі жобаға инвестициялау арқылы 5-10% мөлшерде табыс табу уәдесімен қаржы тартқан.
Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы жолданған реферальды сілтеме бойынша тіркелген. Жеке кабинеттерді толтыру криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан. Түскен қаражат қаржы пирамидасының принципі бойынша бөлініп отырған, яғни, бұрын тіркелген қатысушыларға төлемдер кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен берілген.
– Аталған пирамидаға 40-тан астам адам тартылған. 2021 жылдың соңында салымшылардың "amir.capital" платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығару мүмкіндігі шектелген. Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақаулармен түсіндіріп, төлемдерді қайта бастауға уәде бергенімен, қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі қалпына келтірілмеген, – делінген ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті таратқан ақпаратта.
Бүгінде құны 10 млн АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімін бұғаттауға сот санкциясы алынды.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жариялауға болмайды.