"Анашым, мені өлтірді": Лифтіде шабуылға ұшыраған 5 жасар баланың анасы мәлімдеме жасады

Бұл жайында inbusiness.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

"Анашым, мені өлтірді": Лифтіде шабуылға ұшыраған 5 жасар баланың анасы мәлімдеме жасады Фото: Бейнежазбадан

Ойын баласы Батырды анасы картоп әкелуге дүкенге жіберген екен. Жантүршігерлік жайт бала түзден үйге кіріп бара жатқан уақытта болған.

– Терезеден қарап тұрдым. Батыр есікке жақындап, домофонға қоңырау соқты. Оған қол бұлғап едім, мәз болып ішке кіріп келе жатты. Сол кезде жасөспірім есіктің жанында тұрып, басқа қызға тиісіп тұрған. Батыр есікті ашқанда жасөпірім онымен бірге подъезге, кейін жеделсатыға кіріп кеткен, – дейді оқиғаның мән-жайын айтқан анасы.

Оның сөзінше, бұның бәрі бейнекамераға анық таспаланып қалған. Оны кейіннен көрген. Ал әдепкіде қан-жоса боп есіктен ентелеген Батырды көргенде дел-сал күйде қалған. Бетінен жарақат алған бала 1-қабаттан 4-қабатқа дейін өзі көтеріліп, пәтерге кіргенде ғана құлаған.

– Кіре сала "Анашым, мен өліп барамын, мені өлтірді" деді де, сұлап түсті. Сол сәтте не болғанын түсінбей қалдым. Бетінің бәрі қан-жоса, жердің бәрі қызыл қанға боялды. Абдырап қалдым, көршілерге хабар бердім. Олар жедел жәрдем шақырды. Көршім хирург болатын. Қанды тоқтатуға ол көмектесті. Көрші жігіт болмағанда балам көп қан жоғалтар еді. Сөйтіп баланы ауруханаға алып кетті, – дейді көз жасы көл болған әйел.

Оқиға орнына жеткен полиция кіреберістегі және жеделсатыдағы бейнебақылау камераларын қарап, жағдайдың қалай болғанын анықтаған. Құқық қорғаушылардың сөзінше, жасөспірім жан-жағынан тиісетін адам іздеген. Сондықтан, баланың ізінен ерген, арам ойын жүзеге асырған. Үйге кіреберістегі камераға жасөспірімнің әдепкіде лифтке кіріп-шығып жүрген сәті жазылған.

– Алғашында екеуі жеделсатыда бір нәрсені бөлісе алмай қалды екен дедім. Балалар ғой. Сөйтіп баланы күрекпен ұрды деп ойладым. Ал лифттегі видеоны кейін көрдім. Ол лифтті ұстап тұрып, алдымен Батырды күрекпен алдандырып тұрған. Кейін пышағын алып шығып, бетіне бірнеше рет кескілеген, – деп сөзін жалғады келіншек.

Ауруханада баланың беті тігілген. Анасының сөзінше, дәрігерлер оның жүйке талшықтары мен артерияға зақым келгенін айтып отыр.

– Бетін наркозбен тікті. Түнде жағдайы нашарлады. Барып едік, бізді кіргізбей қойды. Қазір баланы палатаға ауыстырды, есін жиды. Сол жақ беті жұмыс істемейді. Бетінің бәрі ісіп кеткен. Батырдың 1-типті қант диабеті деген диагнозы бар. Қанша уақытта жазылатынын білмеймін. Қазір ең бастысы – Батырдың жазылып кетуі. Мен мұны бұлай қалдырмаймын. Батыр – қарапайым, ақылды бала. Дайындыққа, ағылшын тіліне, күреске баратын. Адамдармен тез тіл табысады. Балалар алаңында Батырды бәрі біледі, онымен ойнайды. Жанымызда мектеп болғандықтан, балалар көп. Олар ата-анасыз да жүреді. Ол кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін еді. Сонда қауіпсіздік қайда? Менің қатем – баламды жалғыз жібергенім. Осы әрекетіме сан мәрте өкіндім. Бірақ, бұлай боларын кім білген? Бұл не деген айуандық? – дейді амалы құрыған ана.

Батырдың анасы жантүршігерлік әркетке барған жасөспірімді бұған дейін тұрғын үй кешенінен байқамапты. Ол оның қатаң жазалануын талап етеді. Балаға жарақат салған пышақ оқиға орнынан 250 метр жерде орналасқан балабақшаның жанынан табылды.

Бұған дейін 5 жастағы баланың бетін кескілеген жасөспірімнің тағы бір қызды аңдығаны анықталған еді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу