"Анашым, түрмеде өткен 3 жылым үшін 300 гүл сыйлаймын"

1663

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен аналарын құттықтады. 

"Анашым, түрмеде өткен 3 жылым үшін 300 гүл сыйлаймын"

Мереке қарсаңында мекеменің арнайы контингент арасында тәрбие және әлеуметтік-психология жұмысының теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобы сотталған азаматтардың арасында ең үздік құттықтауға  байқау жариялады. Біреулер суретпен құттықтаса, енді бірі өлең шумақтарын арнаған, деп жазады inbusiness.kz. Ең әсерлі құттықтау хатын жазған есірті сатқаны үшін сотталған Андрей болды. Ол – өзінің қылмысына өкінетінін, анасы үшін бостандыққа тезірек шығуға тырысатынын айтқан.

"Оңай жолмен ақша тауып, сіз екеумізге жақсы өмір жасағым келді. Алайда бұл ойым қате болғанын тек түрмеде түсіндім. Қазір өзіңіз қалдыңыз, алайда 8 наурыз күні достарым менің сыйлығымды жеткізетін болады",– деді Андрей анасына арнаған хатында. Белгілі болғандай достары Андрейдің анасына гүл мен көктемгі туфли сыйлайды.

Ал ұрлық жасағаны үшін сотталған Бауыржан келесі жылы көктем мерекесін анасымен қарсы алатындығын айтып, сол кезде оған түрмеде өткен 3 жылы үшін 300 гүл сыйлайтынын айтты. Қарақшылық үшін 4 жыл арқалаған тағы бір сотталған өмірден өткен анасын еске алды.

"Мен түрмеде болғанда сіз өмірден өттіңіз. Сол үшін өзімді өмір бойына кешіре алмаймын. Бұл жерден шыққаннан кейін бейітіңізге барып, қалған өмірімді сіздің армандарыңызды өтеуге арнаймын",– деп жазды сотталған.

Байқауға қатысқан сотталғандар мекеме әкімшілігі тарапынан алғыс хат алып, бұл жетістіктері жеке істерінде көрсетілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу