Анастасия Чернаяның өліміне күдікті оны іздеушілердің қатарында болған

984

Оралда 21 жастағы қыздың өліміне күдікті адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол өткен күзде марқұмды өлтіріп, мүрдесінен құтылмақ болғанын мойындаған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Анастасия Чернаяның өліміне күдікті оны іздеушілердің қатарында болған

Былтыр 13 қыркүйек күні рюкзагын асынып үйінен шығып кеткеннен ұшты-күйлі жоғалған

Анастасия Черная жөнінде жазған болатынбыз. Кейін оның денесін Орал қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы Ветелки ауылының маңынан табылған. Мүрде өртенгендіктен, полиция оның кімге тиесілі екенін саусақ іздері арқылы таныған еді. 

Қазір Орал қаласының соты қылмысқа күдікті 28 жастағы Темірлан Аманғалиевтің ісін қарауды бастады. Оның айтуынша, Черная екеуі қаладағы микронесие беретін ұйымдардың бірінде танысқан. Қыз ер адамға несие рәсімдеуге көмектескен, сөйтіп оның жеке бас құжаттары марқұмның қолында қалады. 

"Мен оған қоңырау шалып, құжаттарымды сұрадым. Ол наша керек болып тұрғанын айтып, беруден бас тартты. Оған керек нәрсені жеткізіп беруге келістім. Бірақ Анастасия келгесін мені бас салып ұра бастады. Мойнынан қысып ұстап, итеріп жібергенде бетон плитаға басымен құлады", – деп түсіндіреді Темірлан Аманғалиев.

Жігіттің айтуынша, болған жайдан кейін ол қыздың есін жиғызуға тырысқан. Алайда оның жан тапсырғанын білгесін денеден құтылуға тырысады. Сөйтіп мүрде салынған шкафты орманға апарып, жанармай құйып өртейді. Жарым-жартылай жанған денені көп ұзамай сол жерге мал жаюға шыққан тұрғын көріп қалып, полицияға хабар берген. 

Айта кетейік, Анастасия Черная 13 қыркүйектен бастап іздестірілді, ал денесі арада екі күн өткеннен кейін табылды. Оны іздеушілердің қатарында түк болмағандай Аманғалиев та жүріпті. Осы жағдайларды алға тартқан қыздың анасы күдіктіге барынша ауыр жаза қолдануды сұрайды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу