Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары күзгі-қысқы аңшылық маусымының басталғанын жеткізді. Енді ақпан айының он бесіне дейін сүтқоректілердің 34, ал құстың 59 түрін атуға және аулауға рұқсат, деп хабарлайды khabar.kz.
Дегенмен, талап күшейген тұстар да бар. Мәселен, заң бұзғандарға салынатын айып мөлшері артқан. Мысалы, елікті заңсыз атқандар 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Комитет төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров жақын арада жолбарысты қайта жерсіндіруге қатысты іс-шаралар жүргізілетінін айтты. "Іле – Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватын құру туралы ұсыныс мемлекеттік бюджет комиссиясы тарапынан қолдау тапқан. Арқада қасқыр азайып бара жатқаны жайында да сөз болды. Егер дала санитарларын сақтап қалмаса, табиғи тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан Ақмола, Қостанай, Петропавл, Қарағанды облыстарында қасқыр санын қалыпқа сай ету мәселесі күн тәртібіне еніп отыр.
"Қыркүйек айынан бастап маралға, аюға, сібір тау ешкісіне, елікке, қабанға, шілге, қарабауырға және жабайы құстарға, оның ішінде қаз бен үйрекке аңшылық жасауға рұқсат етілді. Аңшылық негізі арнайы бекітілген аңшылық шаруашылықтарында өтеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда аңшылық шаруашылықтарының көлемі 109 мың 2 миллион гектар жерді құрайды. 689 аңшылық шаруашылығы бар", - деді ҚР АШМ комитет баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.