Соңғы 6 айда отандық интернет дүкендер 20 млн-ға жуық тауар сатты. Сатылған тауар саны 7 миллионнан 14 миллионға дейін өсті. Бұл туралы үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин айтты.
"Карантин кезеңіндегі нарықты қарасақ, адамдардың алатын тауарлар санаты өзгерді. Киім мен косметикаға сұраныс азайды. Есесіне азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарлары көбірек сатыла бастады. Қазақстанда пандемия кезінде өзекті болып табылатын көптеген тауар позицияларының өндірісі бар екенін атап өту қажет. Біз отандық өндірушілерді онлайн саудаға шығару бойынша белсенді жұмыс атқаруды ұсынамыз", – деді Бағдат Мусин.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, карантин кезінде фудтех пен фармтех саласының қарқын алуы заңдылық.
"Өңірлерде азық-түлік өнімдерінің онлайн сервистерінің пайда болуы маңызды. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді онлайн сатуға үйретеміз. Қазір фармацевтика сегментінде антибиотиктерді онлайн сатып алуда кедергі бар, себебі онлайн рецепт қажет. Біз денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеп, онлайн рецепт жүйесін дамытамыз", – деді Бағдат Мусин.
Қанат Махамбет
Фото: censor.net.ua