"Экологиялық өлшемнің маңызы арта түсті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Бұдан бөлек ол "климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін" екенін атап өтті.
"Азия үшін экономиканы декарбонизациялау мәселесі өте өзекті болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет. Бір айдан кейін Египетте cop 27 Климаттық конференциясы өтеді. Сондай-ақ 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынамын. Осы конференцияның нәтижелері экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша АӨСШК кеңесін құру үшін негіз бола алады", – деді Президент.